Сыбанов Болат Күнтуұлы

Сыбанов Болат Күнтуұлы 1938 жылдың басында бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданындағы Изатолла ауылында өмірге келген-ді. Бұл өзі әрі қалаға жақын, әр жері шұрайлы өңір. Сондықтан да болар, өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы халықтың басына нәубат, зұлмат болып төнген аласапыран шақта алыстағы ауылдардан бассауғалап шұбырған елдің біраз бөлігі осында келіп паналаған-ды. Заманнан-заман өте келгенде солардың ортасынан есімдері жалпақ елге кеңінен танымал академик-математик Төлеубай Аманов, 60-жылдардың басында Токиода өткен жазғы олипиаданың жеңіл атлетикадан күміс жүлдегері Ғұсман Қосанов, өнердің өріне жүзген Мәдениет Ешекеев пен Болат Сыбанов сынды саңлақтар шықты.
Осы орайда жоғарыда есімі аталған Бекен Жамақаев та бір кезде алғашқы еңбек жолын қазақ театр өнерінің қасиетті қарашаңырағы деп есептелетін осы бір өнер ордасында бастағанын айта кеткеніміз жөн болар. Бұл сөзімізді әрі қарай жалғастырып айтатын болсақ, Семейдің тағы бір маңдайына басқан мақтанышы, айтулы әнші, талантты сазгер Тұрсынғазы Рахимов та аталған театрда өзіндік ізі қалған өнер иесі. Кейінде екеуінің жолы облыстық филармонияда тоғысқан еді. Сол тұста Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы Келденбай Өлмесеков та осында жемісті еңбек жолын жалғастырып жатқан болатын. Изатоллада бірге өскен ағасы Мәдениет Ешекеев те Бөкеңнің алдынан шықты. Небәрі екі-ақ жас айырмашылығына қарамастан мұның сол ағасының алдынан көлденең көлбеңдеген кезі жоқ. Ал Тұрсынғазы мен Келденбай бұларды ән өнеріндегі ұстаздары ретінде ардақтап, ерекше құрметтегендерін көзіміз көрді.
Тегінде Болат театр мен филарманияның арасында өзіндік соқпағы, сара жолы қалыптасқан адам. Оның ертеректе Алматы филармониясында еңбек етіп келгені де бар. Сондай-ақ ол Әміре Қашаубаев атындағы Семей облыстық филармониясында еңбек еткен жылдары өнер биігінен көрініп, өзіндік үнімен, сазгерлік дарынымен қалың жұртшылыққа кеңінен таныла білді. Сол жылдары бұл жиі айтатын тау бұлағындай тасқынды «Ақбұлақ» әні оның есімін республикадан тыс алыс, жақын шетелдердегі қандас ағайындарға да кеңінен танытқаны рас.
Филармонияға келген соң Болаттың өнердегі екінші тынысы ашылды десек те болады. Соның және бір айғағындай ол халық және кеңес заманының атақты композиторларының шығармаларын насихаттай жүріп, өзінің сазгерлік қабілетін де ұштай түскен. Оның тағы бір дәлеліндей «Таң самалы», «Ғашықтар термесі», «Аңса жаным», «Өзім туралы ән», «Жайна Семей», «Жұлдызым» әндері өмірге бірінен кейін бірі келіп жатты.
Осылардың ішіндегі сүйікті жары Үміт жеңгемізге арнаған әнінің де жөні бөлек. Оның өз жүрегінен туындаған әндерінің жалпы саны алпыстан астам. Соларды өз елімізбен бірге Түркия, Қытай, Моңғолия, Германия, Швецияда тұрып жатқан шеттегі қандастарымыз да сүйіп тыңдаумен шектелмей, өздері де келістіріп орындайтынын естіп қалып жатамыз.
