Тәттімбет Кәпұлы

Тәттімбет Кәпұлы

Тәттімбет Кәпұлы – жыршы, бүркітші, атбегі-асауқосшы, ұлттық қолөнерді қатар ұстанған көпқырлы азамат. ҚР «Үздік бүркітші 2017» «Шығыс-Алтай» бүркітшілер федерациясының Президенті,  «Үржар ауданының құрметті азаматы».

Балалық шағы Моңғолияның Баян-Өлгей өңірінде өткен, кейін 1990-жылдардың басында атамекенге қоныс аударған. Әкесі Кәп Құмарұлы – атбегілік пен ұстаздықты қатар ұстаған, жылқы сынын терең білетін, өлең жазған адам; Тәттімбеттің жылқыға құмарлығы, сөзге шешендігі де осы тәлімнен қалыптасқан.

Тәттімбет Кәпұлы Шығыс өңірінде асау үйретудің қыр-сырын жетік меңгерген атбегі ретінде танылған. Жастайынан жылқыға жақын болып өскен ол бір жаз мезгілінде 48 тайды жуасытып, мінезге келтіргенін атап өтеді. Жүген-құрық тимеген тарпаңды тұқыртып, үйретуге машықтанған, ат баптау мен жылқыны емдеу-қағу тәсілдерін де тәжірибесінде қолданатын шебер.

Құсбегілік өнерін де қатар ұстап, соңғы 14–15 жыл бойы бүркіт баптап келеді. Қолындағы қыранының бірі – Қарагер. Қыранды жаратып ұшыруда ақжемдеу, түлету, шынықтыру сияқты дәстүрлі баптау жолдарын ұстанады. Қазіргі ережелерге сай аңға салудан гөрі шырға тарту мен қолға шақыру әдістерін қолданады. Тәттімбет Кәпұлы құсбегілікті ұлттық рухты оятатын бекзат өнер деп бағалап, оны жастарға аманат ету – өз мұраты екенін айтады.

Қазіргі таңда Үржар ауданы Көкөзек ауылында тұрады, ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Бүркітшілікпен қатар тері илеп, ат тағалап, қамшы, өмілдірік, құйысқан, жүген өру секілді кәсіптерді де меңгерген. Сонымен бірге қисса-дастан, терме айтуға бейімі бар жыршылық қыры да аталады. Өңірде бүркітшілер сайысын ұйымдастыруға ұйытқы болған азамат ретінде танылады.