Сейполлаев Ғарифулла Сейітұлы

Өмірбаян
Сейполлаев Ғарифулла Сейітұлы 1956 жылы Абай облысы,
Ақсуат ауылында тудым. М.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін
бітірген кәсіби маманмын. Мәдениет саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп
келемін. Бағаналы Саятүлеков атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік
жетекшісі, әрі дирижері және бас
қобыз, виоленчель, нар қобыз, сырнай, домбыра, шаңқобыз аспаптарын жоғары деңгейде меңгерген
талантты музыкантпын. Өңірімізде ұлт аспаптарынан құрылған халықтық
оркестрдің шығармашылық өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан
өнерпаз ретінде бағалап келеді.
Ұлт аспаптары оркестрінің халық аспаптарында ойнау,
орындаушылық дәстүрді сақтау, жаңғырту, көненің көзі саналатын ұлттық
аспаптарымызды дәріптеу, мәдени-ағартушылық, орасан зор тәрбиелік мәні зор
туындылар мен шығармаларды насихаттап, Қазақстан және шетел халықтарының ұлттық
музыкалық мәдениетіне көпшілікті тарту ісінде көп жылғы тәжірибем мен білімімді
жұмсап келемін.
Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің репертуарлық қорында 200-ден аса туындылар бар.
Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина мен Түркештің күйлері, Е.Брусиловский
«Біржан-Сара», С.Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны», Н.Тілендиевтің «Махамбет»
поэмасы, К.Күмісбековтың «Шалқымасы», А.Жайымов «Ереулі атқа ер салмай» сынды
музыкалық мұралар, шетел композиторлары Д.Шостаковичтің «№2-Вальс», П.Чайковский, Ж.Бизенің шығармалары,
«Алтай-Тарбағатай» күй мектебінен халық күйі «Бұлғын Сусар», «Тауқұдірет», Қ.Әбуғазының «Аққу», Қ.Сапоровтың «Тарбағатай
тәңір тау» т.с.с шығармаларында дирижерлік еттім.
Дирижерлік еткен Б.Саятүлеков атындағы ұлт аспаптар
оркестрі облыстық «Туған ел - алтын бесік» атты
аудандар арасындағы шығармашылық ұжымдар байқауында бес мәрте жеңімпаз
атанды. Оркестр ұжымы көптеген аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар іс
шараларда өнер көрсетіп келеді. Оркестр концерті Өскемен, Семей, Зайсан
қалаларында ұйымдастырылды. Сонымен қатар оркестр ішінен құрылған халықтық Ә.Мағзұмов
атындағы «Сұлу саз» ән-би ансамблінде,
«Бабалар сазы» халықтық этно ансамблінің
шығармашылық дамуына өлшеусіз үлес қостым. Ансамбль 1993-2014 жылдары
Қытай Халық Республикасында өнер көрсетіп, ансамбльде шығармашылық шеберлігімді
көрсеттім. 2018 жылы «Бабалар сазы» халықтық этно ансамблі құрамында Иран Ислам
Республикасында өнер көрсетіп қайттық.
Жас мамандарға
ұлттық аспаптарды үйрету, кәсіптік білімді жетілдіруде өзімнің мектебімді
қалыптастырған жоғары санатты маманмын.
Ауданымыздың мәдениеті мен өнерін дамытудағы шығармашылық
еңбегімді бағалап, «Ауданның экономикалық әлеуметтік дамуына сіңірген еңбегі
үшін» медалінің иегері атандым. Аудан әкімінің және облыстық мәдениет
басқармасының Құрмет грамотасымен және 2023 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен
марапатталдым.
