Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Абай облысының лингвистикалық орталығының ұйымдастырған «Үш тіл – бір болашақ: жаһандық адамзаттың жаңа моделі» республикалық форумы өтті.
Форумға еліміздің әр өңірінен тіл мамандары, ғалымдар мен IT-инженерлер қатысып, заманауи технологиялар арқылы қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылады:
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы А.Қ. Көкен тіл саясатындағы халықаралық тәжірибеге тоқталса ; Ш. Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына ұлттық ғылыми -практикалық орталығының ЖИ инженері М. Тогманов қазақ тіліне арналған ЖИ жобаларын таныстырды; Шәкәрім университетінің оқытушысы, PhD, әдебиеттанушы
Қарлығаш Әубәкірова ЖИ дәуіріндегі мәдени байланыстар мен көркем аударма мәселелері туралы баяндама жасаса; Жетісу облысы «Тіл» орталығыгың оқытушысы Ә. Молдабаева құжаттарды сауатты рәсімдеудің маңызы туралы айтты.
Форумда Абай облысының лингвистикалық орталығы мен Abai IT-Valley бірлесіп әзірлеген «Til Qadam» мобильді қосымшасы таныстырылды. Қосымша қазақ тілін интерактивті түрде үйретуге арналған: ішіндегі ЖИ-көмекші қателерді түзетіп, еркін сөйлесуге көмектеседі. Сондай-ақ грамматика, сөздік қор, тыңдалым мен жазылымды дамытатын 9 түрлі тапсырманы қамтиды.
Тіл үйретуді заманауи технологиялар мен жаңа әдістермен үйлестірудің өзектілігі форумда баса айтылды. Сонымен қатар отандық цифрлық білім беру платформаларын жетілдіру, әдістемелік базаны жаңашыл құралдармен толықтыру және мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы нақты ұсыныстар жасалды.

