Бүгін облыс әкімі Берік Уәлиұлы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында өтіп жатқан Наурызнама онкүндігі аясында, 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай, ұлттық өнер өкілдерімен кездесу өткізді.
Ертең облыс орталығында өтетін «Жайық келіп Ертіске қосылғанда» атты республикалық командалық айтыста Абай облысының намысын қорғайтын өнерпаздармен жүздескен өңір басшысы қазақы дәстүрдің көрінісі ретінде иықтарына шапан жапты.
Айтыс ақындары, жыршы-термешілер, күйшілер мен ұлттық өнердің өзге де өкілдері біркелкі брендтік шапанға ие болып, ерекше құрметке бөленді.
Кездесу барысында облыс әкімі ел рухын асқақтатып, сөз өнерінің мерейін үстем ететін додада сәттілік тілеп, өңір намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді.
Ал өз кезегінде жыр мен күйдің, айтыс пен терменің киесін арқалаған өнер иелері көрсетілген құрметке алғыс айтып, аламан айтыста Абай облысының абыройын асқақтатып, ел сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

