«Асыл мұра»: өңір қолөнершілерінің шеберлігі бір алаңда тоғысты

«Асыл мұра»: өңір қолөнершілерінің шеберлігі бір алаңда тоғысты

16 наурыз күні жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Семей қаласындағы «ASIMA» сауда орталығында «Асыл мұра» атты ұлттық қолөнершілер жәрмеңкесі өтті.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер – халқымыздың рухани байлығының ажырамас бөлігі. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – өңірлік қолөнершілердің бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсыну, ұлттық өнерді дәріптеу, сондай-ақ шеберлер еңбегіне қолдау көрсету.

Жәрмеңке барысында келушілерге ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар, киізден жасалған өнімдер, ағаш ою өнерінің үлгілері, ұлттық киімдер және қолөнер шеберлерінің өзге де авторлық туындылары ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір бұйым қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен эстетикалық талғамын айқындайтын бірегей дүниелер ретінде көпшілік қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, қазақтың салт-дәстүрлеріне арналған танымдық сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Дұрыс жауап берген көрермендерге арнайы сыйлықтар табысталды.