Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Қабанбай ауылы мәдениет үйі

Қабанбай ауылы мәдениет үйі
Қабанбай ауылы

Қабанбай ауылдық мәдениет үйі

Қабанбай ауылдық мәдениет үйі 1976 жылы ауыл тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын қамтамасыз ету мақсатында клуб ретінде пайдалануға берілген. Кеңес кезеңінде мәдени-көпшілік іс-шаралардың негізгі орталығы болған бұл нысан ауыл өмірінің маңызды бөлігіне айналды.

1990 жылдары елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты мәдениет үйінің қызметі тоқтатылып, ғимарат бірнеше рет қол ауыстырып, 3–4 азаматтың жеке меншік иелігінде болған. Аталған кезеңде ғимараттың техникалық құжаттамалары, соның ішінде техникалық паспорты болмағандықтан, нысан тиісті деңгейде пайдаланылмай, тозу жағдайына түскен.

2019 жылы ауданның 90 жылдық мерейтойына орай ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің қолдауымен мәдениет үйін қайта жандандыру мәселесі көтеріліп, демеушілік қаражат есебінен ғимарат толықтай қайта ашылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «Ярус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік құрылыс компаниясы ретінде анықталып, нысанда күрделі жөндеу жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізілді.

Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың ішкі және сыртқы құрылымы толық жаңартылып, инженерлік желілер, жылу жүйесі, электрмен жабдықтау, сахна, көрермен залы заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды.

Қазіргі таңда Қабанбай ауылдық мәдениет үйі – ауыл халқының мәдени, рухани және әлеуметтік өмірінің негізгі орталығы болып табылады. Мәдениет үйінде 253 орындық көрермен залы жұмыс істейді. Мұнда мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, мерекелік бағдарламалар, кездесулер мен тәрбиелік бағыттағы жиындар тұрақты түрде өткізіледі.

Мәдениет үйінде 8 тұрақты қызметкер және жылу маусымында жұмыс істейтін 3 маусымдық кочегар еңбек етеді. Қызметкерлер мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге үлес қосуда.

Ғимарат ақ кірпіштен салынған, типтік жоба негізінде тұрғызылған, екі қабатты. Нысан техникалық тұрғыдан қауіпсіз және пайдалануға толық жарамды.

Сонымен қатар мәдениет үйінің ішінде Семей өлкетану музейінің бөлімшесі орналасқан. Бұл бөлімше арқылы ауыл тұрғындары мен жастар туған өлкенің тарихымен, мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады. Мәдениет үйі жанынан кітапхана да жұмыс істейді, онда 1 кітапханашы қызмет атқарады. Кітапхана оқырмандарға рухани-танымдық бағытта қызмет көрсетіп, оқуға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етуде.

Қабанбай ауылдық мәдениет үйі бүгінгі күні ауылдың мәдени әлеуетін арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, тұрғындарды біріктіретін маңызды мәдени ошақ болып табылады.