Абай облысы Мақаншы ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөлімінің
«Мақаншы ауданы «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ақпарат
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мақаншы ауданы төртінші рет қайта құрылып, бұрынғы Үржар ауданының шығыс бөлігінен бөлініп, Абай облысының құрамындағы жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде ресми түрде қалыптастырылды. Осыған байланысты Мақаншы ауданы қайтадан «аудан» мәртебесіне ие болды.
Аталған шешімге сәйкес араға 27 жыл салып, Мақаншы ауданындағы Мәдениет үйі де жеке бөлініп, Абай облысы Мақаншы ауданына қарасты дербес мәдени мекеме ретінде қайта құрылды.
Мақаншы ауданы алғаш рет 1928 жылы Қазақстандағы Семей округінің құрамында аумақтық аудан ретінде құрылған. Аудан тарихында бірнеше әкімшілік-аумақтық өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, 1930 жылы аудан алғаш рет таратылып, 1935 жылы қайтадан аудан болып құрылды. 1963 жылы аудан екінші рет таратылып, оның аумағы Үржар ауданының құрамына енгізілді. 1969 жылы Мақаншы ауданы қайта қалпына келтірілді. Алайда 1997 жылы аудан үшінші рет таратылып, қайтадан Үржар ауданының құрамына қосылды.
Осы кезеңдерде Мақаншы ауылындағы Мәдениет үйі де бірнеше рет Үржар ауданына қарасты мәдениет мекемелерінің құрамына енгізіліп, құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Соған қарамастан, дербес аудан болып тұрған уақыттарда Мақаншы өңірінің шығармашылық және мәдени өмірі өзіндік ерекшелігімен, бай рухани әлеуетімен дараланды.
Жазба деректерге сүйенсек, Мақаншы өңіріндегі мәдениеттің дамуы 1945 жылдардан бастап қарқын алып, аудан мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Әсіресе 1960 жылдардың екінші жартысынан бастап ауданның барлық елді мекендерінде ауылдық клубтар мен кітапханалар халыққа рухани-мәдени қызмет көрсететін негізгі орталықтарға айналды.
Аудандық Мәдениет үйі 1986 жылы Арқалды кеңестік шаруашылықтың есебінен салынды. Ғимараттың бастапқы жобалық құны 686 мың сомды құраса, кейін енгізілген өзгерістерге байланысты жалпы құны 1 млн 300 мың сомға жетті. Мәдениет үйі 1988 жылғы 18 тамызда 450 орындық көрермен залымен пайдалануға берілді.
1989–1990 жылдары аудан аумағында 5 Мәдениет үйі, 17 автоклуб, 11 ауылдық клуб жұмыс істеп, барлығы 234 қызметкер еңбек етті. Сол кезеңде ауданда 5 халық театры, 2 фольклорлық ансамбль және «Інжу-Маржан» халықтық ән-би ансамблі табысты қызмет атқарды.
Бүгінгі таңда «Мақаншы ауданы «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Абай облысы, Мақаншы ауданы, Мақаншы ауылдық округі, Мақаншы ауылы, Қабанбай көшесі, 64 мекенжайында орналасқан.
Қазіргі уақытта Мақаншы ауданы «Мәдениет үйіне» қарасты 2 Мәдениет үйі және 6 ауылдық клуб қызмет атқарады. Оның ішінде 4 нысан типтік ғимаратта орналасқан. Олар:
– Мақаншы аудандық Мәдениет үйі;
– Қабанбай Мәдениет үйі;
– Қарабұлақ ауылдық клубы;
– Ақшоқы ауылдық клубы.
Бейімделген ғимараттарда орналасқан ауылдық клубтар:
– Қарабұта ауылдық клубы;
– Бақты ауылдық клубы;
– Келдімұрат ауылдық клубы;
– Көктал ауылдық клубы.
Бүгінгі күнге дейін мекемеде жалпы 83 қызметкер еңбек етеді.
Абай облысы Мақаншы ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөліміне қарасты «Мақаншы ауданы «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі шығармашылықты дамыту, клубтық құрылымдардағы әуесқой қызығушылық бірлестіктері мен көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысын ұйымдастыру, мәдени-демалыс іс-шараларын өткізу және халықтың мәдени бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған. Мекеме ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылатын, коммерциялық емес ұйым мәртебесіне ие.
2025 жылғы 2 маусымда Мәдениет үйі жанынан «Інжу-Маржан» фольклорлық ансамблі құрылып, қазіргі уақытта аудандық деңгейдегі іс-шараларда өнер көрсетіп келеді. Сонымен қатар, «Алан» вокалдық тобы, «Інжу» би тобы және вокалды-инструменталдық ансамбль (ВИА) тұрақты түрде мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуда.
Аудан бойынша өткізілетін мәдени іс-шаралар:
Мақаншы ауданында мәдениет саласын дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында мәдени-көпшілік іс-шаралар аудан бойынша тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Мақаншы аудандық Мәдениет үйінде жүйелі түрде ұйымдастырылатын аудандық іс-шаралар:
«Бәйшешек» аудандық балалар шығармашылығы байқауы;
«Баталы ел – бақ қонған ел» ардагерлер арасында бата сайысы;
«Қазақ келіні – ұлт айнасы» аудандық келіндер байқауы;
«Шешендік сөз – ұлт мұрасы» аудандық шешендік өнер байқауы;
Аудандық «Әсет оқулары» байқауы;
«Dance Fusion» аудандық би байқауы;
«Жас ұрпақ – тіл тірегі» тақырыбындағы «Жас тілші» байқауы;
«Тілдер достығы – ел бірлігі» әлеуметтік желідегі бейнеролик байқауы;
«Ерлік – елге мұра» әскери-патриоттық ән байқауы;
«Мәдениет – елдің айнасы» Мәдениет күніне арналған мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби байқауы;
«Мақаншы дауысы» аудан жастарына арналған ән байқауы;
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» Қазақстан Республикасының Тілдер күніне арналған тілдер фестивалі;
«Інжу-Маржан» өнер байқауы;
«Мақаншым – мақтанышым» жергілікті композитор Айбарша Қасенованың шығармалары бойынша өнер байқауы;
«Атадан қалған асыл сөз» ардагерлер мен оқушылар арасындағы зияткерлік сайыс;
«Айжарық оқулары» ақын Айжарық Абылқасымовтың шығармашылығына арналған аудандық байқау.
2025 жылы аудан көлемінде барлығы 344 мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді.
Жетістіктері (2025 жыл)
2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Абай елі – өнер кеніші» атты аудандар арасындағы облыстық көркемөнерпаздар байқауына Мақаншы ауданының өнерпаздары белсене қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Мақаншы ауданының өнерпаздары «Шабыт» номинациясын иеленіп, аудан мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.