АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТРУППАСЫ ТАРИХЫ
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры — қазақ театр өнерінің қалыптасуына негіз болған, тарихи әрі мәдени маңызы зор өнер ордасы.
Қазақ театр өнерінің бастауында тұрған айтулы оқиға - 1917 жылы жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Семей өңіріндегі «Ойқұдық» жайлауында сахналанған «Еңлік-Кебек» пьесасы. Бұл туынды қазақ драматургиясының тұңғыш кәсіби қойылымы ретінде танылып, ұлттық сахна өнерінің негізін қалады. Бұл тарихи дерек өз дәуірінде де толық құпталған және ұлттық мәдениет тарихында маңызды белес ретінде айқындалған.
1920 жылдары театр негізін қалаушы шығармашылық ұжым ретінде танылған «Ес-Аймақ» труппасы құрылған болатын. Оның құрамында халқымыздың біртуар өнер тарландары - Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев сынды саңлақтар болды. Аталған ұжым 1934 жылы ресми түрде театр мәртебесін алды. Сол жылдың 25 мамырында театр өз шымылдығын Ілияс Жансүгіровтің «Кек» пьесасымен ашты.
1945 жылдың 15 тамызында театрға қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл-философы Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Бұл — театрдың ұлттық руханият пен мәдениеттің дамуына қосқан үлесінің мемлекеттік деңгейде танылғанының айғағы.
Театр сахнасында М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Б.Майлиннің, Ғ.Мұстафиннің, Р.Ғамзатовтың, Ш.Айтматовтың және басқа да әлемдік деңгейдегі драматургтердің шығармалары қойылды. Ұлттық әдебиетіміздің жауһарлары саналатын «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Айман-Шолпан», «Бөлтірік бөрік астында» сынды пьесалар театр репертуарының алтын қорына енді.
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры — қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде ерекше орны бар, тарихи маңызы зор өнер ұжымы. Оның сахнасында түлеп ұшқан көптеген артистер бүгінде республика көлеміндегі театрлар мен өнер ордаларында табысты еңбек етуде. Театр ұжымы аға буынның озық дәстүрлерін жалғастырып, ұлт руханиятына адал қызмет етуде.