Аксуат ауданы Екпін ауылдық кітапханасы
Екпін ауылдық округі Ақсуат совхозының негізінде 1978 жылы құрылған, жалпы жер алаңы 154332 га. Округтің негізгі даму перспективасы мал шаруашылығы. Екпін ауылдық округі экономикасының басты салалары дәстүрлі мал шаруашылығы, қосымша өсімдік шаруашылығымен айналысады. Негізінен аграрлы аймаққа жатады. Шағын кәсіпкерлік. Ауыл экономикасын дамытып, әлеуметтік мәселелерді шешуде шағын кәсіпкерліктің алатын орны маңызды.
Білім беру саласында 1 орта, 1 бастауыш мектеп жұмыс істеп бұларда 56 мұғалім жұмыс істейді. Орта мектепте 414 оқушы, мектеп алды даярлық сыныбында 88 бала тәрбиеленуде. Аққала бастауыш мектебінде 22 оқушы білім алуда.
Ауыл округінде тұрғын үйдің саны 424. Округте 1 кітапхана, 1 мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Екпін ауылдық кітапханасы 1964 жылы құрылған. Ол уақытта Жданов ауылдық кітапханасы болып аталған. Кітапхана Жданов ауылдық клубының ішінде орналасқан. Кітапханада Күшебаева Айша жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. 1988 жылдан бастап Қамбарова Лайла 2025 жылға дейін кітапханашы болып жұмыс жасаған. 2025 жылы жаңадан Екпін ауылдық мәдениет үйінің ғимараты салынып, кітапхана сол ғимаратқа орналастырылды. Қазіргі уақытта Екпін ауылдық кітапханасында кітапханашы болып Караталова Шынар қызмет етеді. Қазіргі уақытта кітапхана қорында 6300 ден астам кітаптар бар. Мелекеттік тілде 5700 кітап бар. Кітапхана оқырмандарының жалпы саны 600. Оның 198 балалар. Кітапхана – ауыл тұрғындары үшін білім алудың қолжетімді орталығы. Оқушылар мен студенттерге оқу бағдарламасына қажет кітаптар, қосымша әдебиеттер ұсынылады. Кітап оқу мәдениетін қалыптастырады, ой-өрісін кеңейтеді. Танымдық сағаттар, әдеби ойындар, ертегі оқулары арқылы балалардың тіл байлығы мен шығармашылығы дамиды.
Ересектер мен қарттарға рухани демалыс. Газет-журнал оқу, әдеби-сазды кештерге қатысу арқылы бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді, рухани байытады.
Бүгінгі күнде Екпін ауылдық кітапханасы қоғамдық орталық ретіндегі таптырмас орынға айналды.
Кітапхана – ауыл тұрғындарын біріктіретін мәдени орта. Кездесулер, дөңгелек үстелдер, тәрбиелік шаралар ауылдың қоғамдық өмірін жандандырады. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ әдебиеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін шаралар арқылы жас ұрпаққа ұлттық рух, отансүйгіштік тәрбие беріледі.
Кітапхана қоры жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көрген кітаптармен, 2023 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген жерлес қаламгерлеріміздің кітаптарымен толығуда. Кітапхана қорының молаюына ауыл тұрғындары да көмек қолын созып, өздерінің жеке кітапханаларынан кітаптарды кітапхана қорына сыйға тартып отырады.
Қысқасы, Екпін ауылдық кітапханасы – ауылдың рухани жүрегі, білім мен мәдениеттің алтын діңгегі десек, артық емес.