Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

“Абай облысы Курчатов қаласының қалалық кітапханасы„ КММ

“Абай облысы Курчатов қаласының қалалық кітапханасы„ КММ
Абай облысы, Курчатов қ., Олимпийская көшесі 20Б +7 707 702 4934

Курчатов қаласының қалалық кітапханасы

«Курчатов қаласының қалалық кітапханасы» мемлекеттік мекемесі 1993 жылы гарнизондық кітапхана базасында құрылды. Сол жылдары кітапхананы Трякшина Валентина Леонидовна басқарып, директор қызметін атқарды.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономикалық дағдарыс пен мемлекеттік бюджеттің шектеулілігіне байланысты республикадағы кітапхана жүйесі елеулі қиындықтарға тап болды. 1992–1999 жылдар аралығында Қазақстандағы кітапханалардың жалпы саны төрт есеге дейін қысқарды. Соған қарамастан, осы күрделі кезеңде мәдениет мекемелерін сақтап қалу бағытында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Нарықтық экономикаға көшу үдерісі әсіресе әлеуметтік салаға ауыр әсер етті. Курчатов қаласы да бұл сын-қатерлерді бастан өткерді. Қала тұрғындары сол жылдардағы қақаған қысты жақсы біледі. 1993–1994 жылдары жылу электр орталығындағы апат салдарынан көптеген ғимараттар уақытша жылытқыштар арқылы жылытылды. Мұндай жағдайда кітап қорын сақтау айрықша жауапкершілік пен ұйымдастырушылықты талап етті.

Кітапхана ұжымы мен Валентина Трякшинаның тиянақты еңбегінің нәтижесінде негізгі кітап қоры сақталып қалды. Сонымен қатар Шаған кітапханасының және сол кезеңде жабылған балалар кітапханасының қорлары қабылданып, біріктірілді. Соның арқасында қалалық кітапханада бүгінгі күнге дейін классикалық әдебиеттің сирек әрі құнды басылымдары сақталып келеді.

Қазақстан Республикасы Семей облысы Курчатов қаласы Бас әкімшілігінің 1995 жылғы 1 ақпандағы №6 қаулысына сәйкес, бұрынғы «Офицер үйі» кітапханасының дерекқоры негізінде Курчатов қаласының қалалық кітапханасы құрылды.

Қазіргі уақытта кітапхана қаланың Олимпииский көшесіндегі 20 үйде орналасқан. 2014 жылдан бастап Кусембаева Қорлан Майданқызы кітапхана директорының қызметін атқарып келеді.

Кітапхана қоры жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көрген кітаптармен, 2023 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген жерлес қаламгерлеріміздің кітаптарымен толығуда. Кітапхана қорының молаюына ауыл тұрғындары да көмек қолын созып, өздерінің жеке кітапханаларынан кітаптарды кітапхана қорына сыйға тартып отырады.