Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Балалар және жасөспірімдер кітапханасы

Балалар және жасөспірімдер кітапханасы
Абай облысы, Семей қаласы, Уранхаев көшесі 20/22 +7 777 543 7534

БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫ

Балалар және жасөспірімдер кітапханасы 2002 жылы ашылды /ресми түрде ашылу салтанаты 2003 жылдың сәуір айында болды/. Өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға, білімін кеңейтуге, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды мәдени орынға айналған кітапханада жас оқырмандар кітаппен танысып, өзінің рухани әлемін кеңейтеді, әдебиетке деген қызығушылықтары қалыптасады. Қазіргі уақытта Балалар және жасөспірімдер кітапханасы қаламыздағы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысы бар барлық оқырмандарға кең көлемде қызмет көрсететін ірі ақпараттық-мәдени орталық болып табылады. Кітапханада 2 оқу залы, 2 абономент бөлімі оқырмандарға қызмет көрсетеді.

Оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында қаламыздағы оқу орындармен бірлесе отыра, шығармашылық байқаулар, мәдени шаралар, кітап көрмесі, танымал ақындармен шығармашылық кездесулер өткізіліп тұрады. Жас ерекшеліктеріне қарай қызмет көрсете отырып, оқырманның қабілетін дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыру мақсатында кітапханасының алатын орны ерекше.

Қазіргі қоғамда кітап оқу сауаттылығын арттыру бағытында «Қуаныш» және «Асыл-Жібек» балалар бақшасының тәрбиешілерінің сұраныстарына орай жылжымалы кітапхана қызметі көрсетілуде. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне қарай «Шебер қолдар» 10-12 жастағы және «Акварель» 6-9 жастағы балаларға арналған екі үйірме, «Умка» 1-4 сынып, «Шипагер» 5-8 сынып, «Жұлдыз» 9-11 сынып оқушыларына арналған үш клуб жұмыс істеп, жас жеткіншектердің ой-өрісін кеңейту және шығармашылығын дамытуға үлкен септігін тигізуде. Әр кітапхана қорының өзіндік мақсаты және ерекше бағытына орай, оқырман талаптарын қанағаттандыра отырып, жыл сайын кітап қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырады. Қазіргі таңда кітапхана қорында 32710 дана әдебиет бар, соның ішінде мемлекеттік тілде 6687 дана кітап. Өлкенің бай мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін құнды мәліметтерге толы «Абай жолы» кітапханасы сериясымен кітап қоры толықтырылып, кітапхана оқырмандарының туған өлке тарихына деген қызығушылықтары арта түсті. Бүгінгі таңда отандық мерзімді басылымдар оқырманның сұранысына сай толығуда. Оқырмандардың жыл сайын қазақ және орыс тіліндегі басылымнан ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

Жылдан-жылға кітапхана оқырмандары саны да артып, 3035 оқырман кітапханаға тіркеліп, жыл бойы 95 мәдени шара ұйымдастырылып, шараға 2088 оқырман қатысты. «Әдеби өлкетану», «Оқитын кезең», «KitapTime-2025» жалпы республикалық кітап фестивалі, «Кітап театры» мен «Эко-стильді өмір» жаңа форматтағы жобалар, «Бір ел - бір кітап» акциялары аясында өткізілген шаралар оқырмандардың көңілінен шығып, оқырман санының артуына да септігін тигізді. Жас жеткіншектерді кітап оқуға баулу арқылы олардың тілдік құзыреттілігін қалыптастырып, шығармашылық дағдыларын дамытып, әр түрлі театрландырылған қойылымдар арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту барысында «Әжем айтқан ертегі» атты қуыршақ театрының сайысы мектеп оқушыларының қатысуымен өткізіліп, үлкен сұранысқа ие болды.

Кітапхана өлкетану жұмыстары арқылы оқырмандарға өз туған жерінің тарихы туралы, қазіргі жағдайы мен келешегін дамыту, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерімен, туған өлкенің ақын-жазушыларының шығармашылығымен таныстыра отырып, «Семей шежіресі сыр шертеді...», «Тарихыңды танып біл!» т.б. атты шаралар ұйымдастырып, әр оқырман туған жерінің қасиетті жерлерін атап, тарихыңды танып білу әр азаматтың парызы екендігін ұғынды. Сонымен қатар қазақтың бас ақыны А.Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай ақынның асыл мұраларын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасымен бірлесе «Әлемдік ойдың алыбы» атты онлайн кездесу кеші өткізіліп, ақынның жалынды жыры, рухани мұрасы, өлмес өсиеті болашақ ұрпаққа насихатталды.

Әлеуметтік желі арқылы жастардың интеллектуалды интерактивтік қарым-қатынас жасау ортасын құрып, кітапханалардың әлеуметтік желілерде белсенділіктерін арттыру мақсатында құрылған @bjk_semey инстаграмм желісі арқылы өткізілген шаралар мен қызықты ақпараттар насихатталып отырады.