АБАЙ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫ
ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы 1883 жылдың қазан айында Семей қаласында саяси жер аударылғандар көмегімен қоғамдық кітапхананың іргесі қаланған. Кітапхана жағдайының жақсаруына семейлік көпестер П.Плещеев пен С.Хабаров, павлодарлық көпес А.Деров, красноярлық көпес Г.Юдин қаражат беріп, оның іргелі мәдениет ошағына айналуына ықпал еткен. 1902 жылы Императорлық орыс жағрафиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі ашылғаннан кейін музей мен кітапхана аталмыш бөлімнің қамқорлығына алынады. Бұл мәдени орындар заманында Абайдың жиі келіп кітап оқитын, орыс достарымен бас қосатын мәдени мекені болған.
Кітапхана сол кездерде Ресейден шыққан баспа туындыларын, мерзімді басылымдарды алып тұрған. 1902 жылы Бастауыш білім беру қоғамы Семей қаласында тегін пайдаланылатын оқу залы ашып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына орай орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің аты беріледі. Ал 1906 жылы осы оқу залы қоғамдық кітапханамен біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болды. 90 жыл Н.Гоголь атымен аталынып келген кітапханаға 1992 жылы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлы Абайдың есімі берілді.
Семейдің қоғамдық кітапханасы шығыс классикасынан дәріс алған және орыстың өнер-білімін білген Абайдың мәдени және өнер-білім дәрежесінің өсуіне зор ықпал етті. Көп жылдар қоғамдық кітапхананың тұрақты оқырманы болған Абай кітап оқу арқылы Е.П.Михаэлистей өмірлік досын тапты. Оның пікірлестерімен танысуы үлкен достыққа айналып, олар ақынның өз бетімен білім алуына көмек көрсетті.
Абай XIX ғасырдағы классикалық орыс әдебиетінен үлгі алып, кітапхана қорындағы орыс әдебиетінің классиктері шығармаларын және орыс тілі арқылы Европа мәдениеті мен әдебиетінің үлгілерімен танысып дүниетанымын кеңейтеді. Данышпан Абайдың қоғамдық кітапхананың оқырманы болғандығы жөнінде американ жазушысы, публицист Дж.Кеннанның 1906 жылы орыс тілінде жарық көрген «Сибирь и ссылка» документті зерттеу еңбегінде ең алғаш рет жарық көрді.
XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырда және XX ғасырдың басында жарық көрген 6000-нан асатын бағалы сирек баспа туындылары күні бүгінге дейін сақталып отыр. Кітапхананың сирек басылымдар қорындағы заманында Абай оқыған мол мұралар, өлкеге байланысты әдебиеттер, Императорлық Орыс Жағрафиялық Қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің ғылыми басылымдары мен қазақ зиялыларының көзі тірісінде жарық көрген кітаптар және кеңестік дәуірдегі мерзімді басылымдар Абай кітапханасының мақтанышына айналды.
Сирек қордан Абай үшін таным баспалдақтары болған Г.Спенсер, Милль, Дж. Г.Льюисъ, А.Уоллэсъ В.Уэвелль сынды батыс Еуропа ойшылдарының еңбектерін, батыс классикалық әдебиеті мен орыс әдебиетінің алтын ғасырындағы жазушылардың бай туындаларын табуға болады. Семей өңірін зерттеген зерттеушілер Б.Герасимовтың, Е.П.Михаэлистің, Н.Я.Коншиннің, Г.Н.Потаниннің, Ф.Зобниннің, А.Седельниковтың, Е.Шмурлоның, В.Сапожниковтың, қазақ зиялылары Ә.Бөкейхановтың, Ж.Ақпаевтың т.б. ғылыми-зерттеу мақалаларын табуға болады.
Семей өңірін зерттеген зерттеушілер Е.П.Михаэлистің, Н.Я.Коншиннің, Б.Герасимовтың, Е.П.Михаэлистің, Н.Я.Коншиннің, Г.Н.Потаниннің, Ф.Зобниннің, А.Седельниковтың, Е.Шмурлоның, В.Сапожниковтың Ә.Бөкейхановтың ғылыми-зерттеу мақалалары бүгінгі күні ғалымдар шығармашылығына үлкен көмек болуда. С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Күдерин, М.Шонанов, Ә.Ермеков, Ж.Тілеулин т.б. сынды қазақ зиялыларының көзінің тірісінде жарық көрген ғылыми еңбектері мен әдеби мол мұралары сирек қорымыздың алтын қорын құрайды.
Сирек басылымдар қорында күні бүгінге дейін сақталған Абайдың қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін басылымдар біздің мақтанышымыз. Абайдың көзі тірісінде жария көрген Семейдегі «Отчет Совета Общества Попечения о начальном образовании в г.Семипалатинск за 1893/1894 гг» есебінде, Орыс жағрафиялық қоғамы Семей бөлімшесінің 1907 жылғы III басылымында, 1927 жылғы XVI Жазбасындағы Н.Я. Коншиннің «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласында, Көпес П.Плещеев баспасынан 1915 жылы жария көрген «Сельско-хозяйственный обзоръ Семипалатинской области за 1914 годъ» кітабында, «Отчетъ Семипалатинского Отдела Русскаго Географическаго Общества с 1 октября 1924 г. по 1 октября 1925 г.» есебінде Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығына, қоғамдық қызметіне байланысты мәліметтерді табуға болады.
Кітапхана соғыс жылдарында қала мен облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысумен қатар, жаудан тазартылған одақ көлеміндегі аудандарға ақпараттық қолдау көрсеткен. Кобеляки мен Полтаваға мектеп оқушылары үшін оқулықтар, саяси және көркем әдебиеттер жіберілген. 1944 жылы жаудан азат етілген аймақтарға барлығы 400 дана кітап жіберіп, майдан даласындағы жауынгерлерге кітапханашылар қолынан келген қызметті көрсеткен.
Әр жылдары жазушы Мұхтар Әуезов, акдемик Қаныш Сәтбаев, абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханов, Әзілхан Нұршайықов және т.б. қазақ зиялылары кітапхананың оқырмандары болды. 1958 жылы кітапхана ісін үлгілі жолға қойғаны үшін кітапханашылар М.В.Акимова мен М.Ғ.Хасановаларға «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген кітапханашылары» (1958) атағы берілді. 1961 жылы Н.В.Гоголь атындағы Семей облыстық кітапханасына Қазақ ССР Мәдениет министрлігі және Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті «Үлгілі кітапхана» деген атақ беріп, дипломмен марапаттады. 1983 жылы 23 қыркүйекте кітапхананың құрылғанына 100 жыл толуына орай Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Жылдар бойы атқарылып келген осындай ауқымды шаралар әрине білікті басшылар мен кітапханашыларымыздың еселі еңбегінің нәтижиесі. Кітапханамызда көп жылдары М.Акимова, М.Хасанова, Ж.Жаксыбекова, С.Жұмағұлова, Г.Шениязова, Н.Брязина, Р.Қансейітова т.б. сынды тәжірибелі мамандар басшылық, кітапханашылық қызмет жасап, кәсіби шеберліктерінің нәтижесінде жас кітапханашыларға тәлімгер болды.
Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылы 8 желтоқсандағы шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді.
Кітапхана қоғамның мәдени дамуына өз үлесін қосып, әр уақытта көпшілік оқырмандар үшін қызмет етеді. Абай атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана 1993 жылы «Қазіргі әлеуметтік және экономикалық жағдайдағы Қазақстанның ұлттық библиографиясы» атты республикалық зерделі кеңес өткізді.
1995 ж. IFLA – халықаралық кітапханалық Ассоциациясының мүшесі болып, Түркия, Қырым, Норвегия, Оңтүстік Корея, Канада елдерінде өткен Халықаралық конференцияларға қатысты. 1996 жылдан бастап заман талабына орай кітапханаға жаңа технологиялық құрылғылар енгізілді.
Кітапхана 2004 ж. – «АҚШ-тағы кітапхана менеджменті» халықаралық алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-та тағылымдамадан өтті. 2005 ж. – Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың ашылуына қатысты. 2009 жыл – Астанадағы АҚШ Елшілігінің қоғаммен байланыс бөлімі (OSA) Америка бұрышын құруға грант бөлді.
2017 жылы – «Алаш» автономиясының негізі қаланғанына және Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Абай атындағы кітапхана «Алаш» электрондық кітапханасын құрып, бүгінде Интернет пайдаланушыларының Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметтері мен тағдарлары туралы еліміздің және шет мемлекеттердің тарихи-мәдени және білім мекемелерінен алынған мазмұнды материалдарға қолжетімділігін арттырып отыр.
Кітапханамыз 2018 жылдан бастап ШҚО әкімдігінің қолдауымен «Абай әлемі» жобасын жүзеге асырды.
Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына тарту ретінде кітапханамыз қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Артық білім кітапта. All Wisdom is in books. Вся мудрость в книгах» сирек басылымдар каталогын 1000 данамен жарыққа шығарды.
Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Семей қаласына жасаған екі жолғы іс-сапарында заманында Абай оқырманы болған қоғамдық кітапханада данышпан ақынның оқыған орыс және батыс классиктерінің көркем шығармаларымен, батыстың ұлы ойшылдарының философиялық еңбектерімен танысты
Астана қаласындағы «EurasianBookFair» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкелеріне 2021-2022, 2024-2025 жылдары қатысып, көрмеге келушілерге сирек басылымдар қорында сақталып келе жатқан XX ғасырдың басында жария көрген құнды әдебиеттер мен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген өңір авторларының жаңа басылымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Абай кітапханасының мамандары 2023 жылдан бастап, облыс әкімдігінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасын жүзеге асырып, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын жарыққа шығарып, облысымыздағы 137 кітапхананың қорын толықтыруға атсалысуда.
Кітапхана қоры жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көрген кітаптармен, 2023 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген жерлес қаламгерлеріміздің кітаптарымен толығуда. Жыл сайын кітапхана қорын толықтыруға облыстық бюджеттен 9 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу бағдарламасы арқылы оқырман сұранысы бойынша қажетті әдебиеттер сатылып алынады. Кітапхана қорының молаюына ауыл тұрғындары да көмек қолын созып, өздерінің жеке кітапханаларынан кітаптарды кітапхана қорына сыйға тартып отырады. бай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы «Рухани қазына» – 2025 фестивалі аясындағы «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясына қатысып, кітапхананың озық жобаларын таныстырды. Алқа мүшелерінің шешімі бойынша «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» атағын иеленіп, 1 млн қанжығасына байлады.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасын 2024 жылдың ақпан айынан бастап ақын, Қазақстан Жазушылар Одағыы Абай облыстық филиалының Төрағасы, «Дарын» Жастар сыйлығының иегері Қарт Мерей Мейіртайұлы басқарып келеді.