Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық мекемесі
Музей – ғылымның, білімнің, мәдениеттің және тарих пен тағылымның сарқылмас кені әрі қайнар көзі. Жас ұрпаққа өткен заманның мұрасын жеткізуші әрі дәріптеушісі ретінде қоғам танымының қалыптасуына ықпал етпек. Ұлттық сана-сезімді нығайтуда, мемлекеттік идеологияны орнықтыруда үлкен рөл атқаратын орын.
Қазақстандағы ең көне және ең ірі музейлердің бірі – Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі 1883 жылдың 11 қыркүйегінде облыстық статистикалық комитет мүшелерінің бастамасымен құрылған. Музейдің негізін қалаушылардың қатарында Е.П. Михаэлис, В.Н. Филипов және М.И. Суворцев болды. Музей мен қоғамдық кітапхана ашу ісін Статистикалық комитеттің төрағасы – Семей облысының әскери губернаторы А.П. Проценко қолдаған.
Әр уақытта музейдің қалыптасып, дамуына ұлы Абай, оның талантты шәкірті, ақын, философ Шәкәрім, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтер қолдау көрсеткен.
Қасиетті шаңырақ бірінші жүз жылдық тарихында 8 рет қоныс ауыстырған. 1978 жылы көшіп келген қазіргі ғимарат 1895 жылдары салынған Губернатор үйі. Бұл ХІХ ғасырдың сәулет өнерін паш етіп тұрған әрі республикалық тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген ерекше ғимарат.
Революция және азаматтық текетірес кезінде бұл орын «Бостандық үйі» деп аталған. Осы ғимаратта 1917 жылы Алаш үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан қала тұрғындарымен кездесіп, сұхбат құрған. Сол жылы осы жерде қазақтардың бірінші облыстық съезі өтті. Съезде Қазақ автономиясын құру туралы шешім қабылданды.
Музей қоры саяси жер аударылғандар мен жергілікті зиялылардың жеке коллекцияларымен толтырылғаны музей тарихынан белгілі. Музейдің алғашқы онжылдықтарында қордағы жәдігерлер саны 2489 дананы құраған. Оның көбі (427 дана) тарихтың ерте және орта дәуіріне жататын жәдігерлер еді. Олар бүгін де музейдің алтын қоры болып есептеледі.
Бүгін де музейдің сақтау қорындағы жәдігерлер саны 138 мыңнан асып кетті. Сонымен бірге музей қабырғасында 36 мыңдай қоры бар ғылыми кітапхана жұмыс істейді. Онда ХVІІІ-ХІХ ғасыр еншісіне жататын сирек кітаптар; сөздіктер, анықтамалар, ғылыми жұмыстар, Орта Азия, Қытай, Ресей ғалымдарының еңбектері, Семей статистика комитетінің есептері, атлас және географиялық карталар бар. Орыс география қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі мүшелерінің қолжазбалары сақталған. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын баспа басылымдары да осы кітапханадан табылады.
Мекеменің қазіргі экспозициялық көрінісі төмендегідей: «Кіріспе залы», «Палеонтология және геология», «Туған өлкенің табиғаты», «Археология және этнография», «Қала және өлкенің тарихы», «Семейдің ХІХ ғ. мәдени өмірі», «Алаш идеясы – Тәуелсіздік тұғыры», «Абай. Шәкәрім. Мұхтар», «Семей өлкесі: өнер-білім, мәдениет, спорт», «Семей ядролық полигоны», «Футбол тарихы», «Метрология тарихы», «Семей қаласының кәсіпорындары» сияқты көрмелерге жіктелеген.
Қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейіне 5 филиал, 2 бөлім қарайды. Соның бірі – қалалық мәдениет сарайындағы «Ерлік пен еңбек даңқы» бөлімі. Қалған филиалдар мен бөлімдер Абай, Ақсуат, Аягөз, Үржар, Мақаншы аудандарының аумағында орналасқан.
Бүгінде Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музей ұжымы қалыптасқан дәстүр сабақтастығын жалғастыра түсуде. Өлкенің тарихи-мәдени мұраларын сақтау, зерттеу, жинақтау, рухани құндылықтарын насихаттау бағытындағы міндетке зор жауапкершілікпен қарауды мақсат тұтады.
Қор туралы
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы қоры 123 966 сақтау бірлігін, яғни негізгі 82 322 және 41 644 қосымша қорды құрайды.
Сұраныстар және көрсеткіштер
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық мекемесі музей қорларын сақтау, есепке алу және ғылыми зерттеу, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, тұрақты және уақытша экспозициялар мен көрмелер ұйымдастыру, экскурсиялық және мәдени-ағартушылық қызмет көрсету, сондай-ақ білім беру және танымдық іс-шаралар өткізу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Музей қызмет көрсету барысында Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы», сондай-ақ музей қоры мен музейлерді қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес қызметін жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызмет музейдің қабылдау бөлімі арқылы, сондай-ақ электрондық форматта музейдің ресми интернет-ресурстары мен ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады.
2025 жылы барлығы 244 кіріс құжат тіркелді. Оның ішінде:
- электрондық өтініштер – 32,
- қолма-қол тапсырылғаны – 1.
Өтініштердің 5-і заңды тұлғалардан, 35-і жеке тұлғалардан келіп түсті. Архивтік анықтамалар саны – 4.