Абай облысында «Абай оқулары» республикалық жобасы аясындағы екі күндік фестиваль өтті. Мәдени-ағартушылық жоба еліміздің әр өңірінен келген қатысушыларды ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеу мақсатында бір алаңға біріктірді.
- «Жалпы, Абай облысының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, облыстық қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен екі күнге созылған республикалық Абай оқулары фестивалі өтіп жатыр. Фестивальге еліміздің 8 өңірінен және Абай облысының аудандарынан келген қатысушылар, жалпы 40 адам қатысуда. Кеше Семей қаласында бастау алған фестиваль бүгін Абай ауданында өз жалғасын тауып жатыр. Абайдың ізімен, Абайдың жүріп өткен жолымен біздің жерімізге келген қатысушылар ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи орындармен танысуда», - деді облыстық қоғамдық келісім орталығының бөлім басшысы, шара ұйымдастырушысы Самат Кәрібжанов.
Жоба аясында қатысушылар «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына экскурсия жасап, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылық мұрасымен танысты. Сондай-ақ «Абай және ұлдары» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Абайдың даналық ілімі – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Республикалық фестивальдің негізгі мақсаты - Абай Құнанбайұлының рухани, философиялық және әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың ұлттық тарих пен мәдениетке қызығушылығын арттыру және өңіраралық ынтымақтастықты нығайту.

