Ақтау қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: басым бағыттары және инновациялар» атты республикалық семинар-кеңес өтті.
Тіл саясаты мен цифрлық технологиялардың өзара ықпалдастығын талқылауға арналған ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, еліміздің өңірлерінен келген тіл саясатын іске асыруға жауапты басқармалардың басшылары мен мамандары, сондай-ақ ғылым және лингвистика саласының өкілдері қатысты.
Семинардың мақсаты – мемлекеттік тілді заман талабына сай цифрландыру, өңірлердегі тіл саясатын іске асыру тәжірибесін жетілдіру, өзекті мәселелерді талқылау және инновациялық шешімдерді енгізу.
Семинар барысында Ербол Ердембекұлы Тілешов «Ғылымдағы тіл стратегиясы» тақырыбында баяндама жасап, тілдік ахуалдың даму үрдістеріне тоқталды.
Аталған семинарға Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Б.М. Мустафин қатысып, Шәкәрім университетінің PhD докторы Қ.Ә. Әубәкірова тіл модернизациясындағы аударма институтының интеллектуалдық тарихы мен идеологиялық негіздері туралы баяндама жасады.
Семинар қорытындысында үздік мамандар марапатталып, мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруге және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ұсыныстар мен нақты қарарлар қабылданды.

