Қабдеш Жұмаділовтың туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу шаралары

Қабдеш Жұмаділовтың туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу шаралары

Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың 90 жылдық мерейтойына арналған тағылымды шаралар облыс орталығында жалғасты. Абай атындағы кітапханада өткен «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты әдеби-танымдық кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, оқырмандар мен жазушының ұрпақтары қатысты.

Іс-шара аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде жазушының әр жылдары жарық көрген туындылары, архивтік материалдары мен фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Президент кітапханасы» жобасы аясында Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романының жаңа басылымының таныстырылымы өтті.

Таныстырылымға жазушының ұрпағы, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед қатысып, қаламгердің әдеби мұрасы мен тарихи тұлғасы жөнінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара барысында Абай облысының зиялы қауым өкілдері, ақындар мен әдебиеттанушылар сөз сөйлеп, Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіндегі орны, ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі туралы тағылымды әңгімелер өрбітті.

Мерейтойлық іс-шаралар ұлт руханиятын ұлықтап, көрнекті қаламгердің бай әдеби мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған.