Тасболатов Галымбет Дулатович
Тасболатов Галымбет Дулатович Туған жылы мен жері: 1978 жылы 10 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Білімі: Орта арнайы Негізгі қызметі / бағыты: Театр саласы Жетістіктері, атақтары (бар болса): ҚР мәдениет саласының үздігі Қазіргі қызметі: «Дариға-ай» жастар театрының әртісі Ғалымбет Дулатұлы 1998 жылы М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінің «Театр өнері» бөліміне профессор Дариға Тұранқұлова мен доцент М.С. Омарбаеваның класына қабылданды. 2001 жылы колледжді үздік бітіріп «Дариға-ай» жастар театрына актерлік қызметке қабылданды. Ғалымбет Дулатұлы студент кезінен-ақ өзінің дарынымен, музыкалық қабілетімен, сатиралық жанрда қайталанбас образдарымен көзге түсе бастады. Театр сахнасында классикалық образдардан бастап, юмор, сатиралық шығармаларда негізгі рольдерді жоғары профессионалдық деңгейде орындап, мықты актер екенін танытты. Атап айтсақ, Г.Горин «Ұмытыңдар Геростратты» - Крисип; Мольер «Сараң» - Лафлеш; Д.Исабеков «Қара аспан процесі» - Есқара ақсақал; М.Шаханов «Танакөз» - Мұрат; Р.Куни «№99» - Өлік; К.Тоқаев «Солдат кетті соғысқа» - өзбек; М.Хасенов «Пай, пай, жас-жұбайлар-ай» - Қасым; У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Князь; М.Рахимжанов «Әміре – аяқталмаған ән» - дирижер, жазушы; Р.Киплинг «Маугли» - Табаки; Р.Ибраева «Бәйтерек» - Манап; У.Шекспир «Ричард ІІІ» - Кароль Эдуард IV; В.Дельмар «Өкінішті өмір» - Мистер Левицкий; «Бар қазаққа ән салдырған – Шәмші» - Шәмші; О.Бөкей «Өз отыңды өшірме» - Таңатар; М.Мақатаев «Қош махаббат» - профессор; Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» - Жарас; М.Әуезов «Жетім» - ақсақал; Д.Сейсенұлы «Маэстро» - ұстаз; М.Әуезов «Ғажайып трагедиясы» - Көкбай; Ш.Айтматов «Ақ кеме» - саудагер; Г.Хугаев «Қара шекпен» - Кико (есек) Б.Игілік «Құдай соқыр емес» - Бауыржан Ш.Айтматов «Жан пида» - Мишаш және баларға арналған қойылымдарда басты рольдерде ойнайды М.Мақатаев «Дариға жүрек» поэтикалық спектаклін сәтті орындады. Кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, профессор Дариға Тұранқұлқызы, белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, режиссер Жұлдызбек Жұманбай сынды өнер қайраткерлерінің шеберлік класстарының дәрістерін, тәжірибелік білімдерін тыңдады. 2014 жылы Халықаралық театр күні қарсаңында «Жыл актеры» номинациясы бойынша Облыстық мәдениет басқармасының дипломымен марапатталды. Театр ұжымында өзінің еңбекқорлығымен, жан-жақты білімімен, музыкалық қабілетімен, адамгершілік қасиетімен танылып, көрерменнің сүйікті актеріне айналды. Сондай-ақ сахнадағы образдарынан бөлек қалалық мәдени іс-шараларда, поэтикалық кештерде, мемлекеттік мерекелерде әнші ретінде кеңінен танылды.