Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Омарбеков Әлихан Әзізханұлы

Омарбеков Әлихан Әзізханұлы

Омарбеков Әлихан Әзізханұлы (15.12.1954) Шымкент облысы (қазір Түркістан облысы), Арыс ауданы, Қараспан колхозында дүниеге келген. 1962-1972-шы жылдары сол облыстың Қызылқұм (қазір Отырар ауданы) ауданы, «Қожатоғай» совхозда Амангелды атындағы орта мектепте оқыды. Мектепті бітірген соң, ауылда жүргізуші (шофер) болып жұмыс істеп, 1973-шы жылы мамырда әскер қатарына шақырылды. 1975-шы жылы әскер қатарынан оралған соң, қараша айында Семей педагогикалық институттың дайындық курсында оқыды. Оны 1976-шы жылы тамызда ойдағыдай аяқтап, институттың тарих-педагогика факультетінің бірінші курсына қабылданып, 1981-шы жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп шықты.

1981-1984 жылдары комсомол қызметін атқарды: алғашқыда Семей педагогикалық институттың комсомол комитетінің хатшысы болды, 1983-шы жылы Семей облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушілігіне жоғарылады.

1984 жылы қыркүйекте Семей облыстық партия Комитетін Бюросының қаулысымен Ішкі істер Басқармасына саяси қызметке жолдамамен жіберілді. Ішкі істер органдарында саяси бөлім нұсқаушысы, аудандық ішкі істер бөлім бастығының орынбасары, облыстық тергеу изолятор бастығының орынбасары, тергеу изолятор бастығы қызметтерін атқарып, 2003-шы жылы қыркүйекте отставкаға шықты.

Отставкаға шыққанымен түрлі салада жемісті еңбек етті. Сонымен қатар ол қолына қалам алып, қалалық, облыстық және республикалық газет-журналдардың беттерінде түрлі тақырыптарда 100-ден аса естеліктері мақалалары, эсселері жарияланды. Оқырмандары жылдан-жылға көбейіп, газет-журналдардың байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып, марапаттарға ие болды. Оның жазбаларының негізгі кейіпкерлері облысқа танымал азаматтар, олардың еңбек жолы болып келеді. Қарапайым ауыл адамдарының тұрмысына, тыныс-тіршілігіне зор көңіл бөледі. Жазбаларының басым көпшілігі ішкі істер органдарының қиындығы мен қызығы мол қызметіне, адал да белсенді қызметкерлеріне және сала ардагерлеріне арналған. Соңғы 4-5 жылда аударма саласында да аянбай еңбек етті.

Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің кітапханасындағы сирек кездесетін құжаттар, қолжазбалар және кітаптар қорында сақталған «Императорлық орыс география қоғамы Батыс Сібір бөлімі, Семей бөлімшесі Жазбаларының» 21 томын орыс тілінен қазақшаға аударды. Ондағы жазбалардың және ғылыми мақалалардың басым көпшілігі өлкеміздің соңғы екі ғасырға жуық тарихына арналған.