Кашляк Виктор Николаевич
Кашляк Виктор Николаевич (29.07.1951-15.05.2013) - тарихшы-өлкетанушы, жазушы, журналист. 1951 жылғы 29 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. Жастайынан Семей өңірінің тарихын зерттеумен айналысты. Қазақстан Республикасының ғылыми басылымдары мен мерзімді баспасөзінде тарихи тақырыпта 70-тен астам еңбегі жарық көрген. Жалпы алғанда, мерзімді басылымдарда 110 мақаласы жарияланған.
Өз зерттеулерін Мәскеу, Ленинград, Томск, Алматы, Тобыл, Түмен қалаларының архивтерінде жүргізді. Қызықты құжаттар кездескен кезде олармен таң атқанша отырып жұмыс істейтін. 1998 жылы И.Г. Андреевтің «Қырғыз-қайсақтардың Орталық ордасының сипаты» атты кітабын құрастыруға қатысты. 1999 жылы өзінің «Семей көшелерінің шежіресі» атты авторлық еңбегі жарық көрді. 1999 жылдың жазында Виктор Николаевич Семей қаласында болған «Ресейдегі А. фон Гумбольдт ізімен» атты экспедицияға жетекшілік етті. Осы тақырып бойынша дайындаған материалы Қазақстан Республикасының ғылыми жинақтарының бірінде жарияланды.
2001 жылы фотосуретші Влад Павлунин және дизайнер Игорь Рябухинмен бірлесіп «Семей – Семипалатинск» атты мерекелік ашықхаттар жинағын шығарды, сол жылы «Семейдің Воскресенский шіркеуі» атты буклетін де басып шығарды. 2002 жылы қаланың тарихына арналған мақалалар жинағы – «Семей. Үш ғасырлық тарих» жарық көрді. Кейін оның «Семей: олардың есімдерімен аталған», «Семей: бургомистрден әкімге дейін», «Семей баспасөзі. 1863–1963 жылдар», «Семейдің Воскресенский шіркеуі. 150 жыл», «Семейдің қасиетті бұлағы», «Семей храмдары: өткені мен бүгіні» атты кітаптары басылып шықты. Сондай-ақ «Семей арабескалары» атты екі томдық еңбегі жарық көрді. Мұның бәрі – көптеген жылдарға созылған ізденіс пен құжаттық материалдармен жүргізілген тынымсыз, қажырлы еңбектің нәтижесі. Ол тек тарихи құжаттармен дәлелденген нақты деректерге ғана сенетін нағыз кәсіби маман еді. 2004 жылдың ақпан айында Виктор Николаевич пікірлес әріптестерімен бірге қалалық өлкетану қоғамын құрды.
Оның соңғы зерттеу тақырыбы Семей өңіріндегі оқиғалар мен тұлғаларға қатысты деректік материалдарға арналды. Алайда бұл еңбегін аяқтауға мүмкіндігі болмады. 2013 жылы Виктор Николаевич өмірден өтті.
Ол дүниеден өткеннен кейін бес жыл өткен соң, 2018 жылы «Адамдар. Оқиғалар. Құжаттардағы деректер» атты кітап жарық көрді. Қолжазба оның жары Наталья Вадимовнаның арқасында сақталып, өлкетанушыларға тапсырылды.