Гросс Северин Северинович
Гросс Северин Северинович (19.10.1852-15.04.1896) – поляк халықшыл революционері, өлкетанушы.
1877 ж. Петербург университетін бітірген. Поляк жастарының астыртын революция ұйымының жұмысына белсене араласқаны үшін 1882 ж. тұтқынға алынып, полицияның ашық бақылауымен 5 жылға Батыс-Сібірге жер аударылған. Гросс алғашыңда Есіл қаласына қоныс тепті, 1883 ж. Семейге ауысады.
1883 жылы С. Гросс әйелімен Семей қаласына қоныстанып, сол жердегі полиция бақылауында болады. С.Гросты Семейге жер аударар кезде Тобыл генерал –губернаторы «Есіл қаласында полиция бақылауында болған жер аударылған Северин Гросс және оның әйелі Аннаның жағымсыз қылықтары болған жоқ, бірақ олар екеуі де саяси сенімсіз, әсіресе С. Гростың ой-пікірлері зиянды.» - деп көрсеткен.
Саяси жер аударылғандардың жан-жақты қоғамдық қызметінің бір саласы Алтайды ғылыми тұрғыдан зерттеу болса, оған С. Гросс белсене қатысқан. С. Гростың ғылыми –зерттеу қызметінің жарқын бір көрінісі 1878 жылы Семей қаласында құрылған статистикалық комитеттің жұмысына араласуы. Қазақтың ескі әдет-ғұрыптарын зерттеп, 1883-1885 жылдары Канонер, Үлкен Нарын, Владимир елді мекендерін, Дон, Семияр станицаларын аралаған.
Гросс туралы халықшыл С.П. Швецов «Гросс- сол кезеңде Далалық өлкеге саяси жер аударылғандардың ішіндегі ең ірісі... Үзеңгілес жолдастары арасында жас жағынан да ерекшеленеді, қырықтар шамасында... Өте білімді, төзімді, мінезі ұстамды, »- деп өз пікірін білдірген.
С. Гросс жинақтаған материалдар 1886 жылы жарық көрген «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов. Материальное право» деп аталатын зерттеулердің бірінші басылымына енген. Семей қаласында С. Гростың басқалар да пайдаланған бай кітапханасы болған. Өлкетану мұражай үйінің құрлысын салу ісіне де белсене араласқан.
1884 жылы маусым айында С. Гросс бір ай бойы Шыңғыс болысындғы Абай ауылында болады. Ұлы ақын мен С. Гросты бұрынырақта Е.Михаэлис таныстырған болатын. 1880 жылдарыдың аяғында-ақ Абай Северин Гросспен достасқан еді. Ұлы ақын айдауда жүрген полякқа қазақтың әдет –ғұрпы туралы мол ақпарат берген.