Сұлтанбеков Мұрат
Сұлтанбеков Мұрат
Мұрат Сұлтанбеков 1938 жылы 28 қаңтарда дүниеге келді. Семей қаласының тумасы Мұрат Сұлтанбековтің шығармашылық жолының басталуы қатаң саясаттың алпысыншы жылдарының басына дәп келді.
Бұл замана толқуы қазақ мәдениетіне әнді Шәмші, Бекен, поэзияда Олжас, Тұманбай бастаған жаңа толқынды әкелді. Осы жаңа толқынның өкілі ретінде Семейден шыққан жас ақынның бірі - Мұрат Сұлтанбеков болды.
Ақын Сұлтанбеков – орыс, қазақ тілдерінде бірдей тамаша жазатын, екі тілдің құпия сырларын жетік ұғатын ақын. Ұлы Пушкин музасы мен туған тілден нәр алған Мұрат байтақ республикамыздың кемелді әдебиетінде өз үнін, жүрек сырын орыс тілінде өрнектеп жүрген санаулы қаламгерлердің бірі.1960 жылы Семей педагогикалық институтын бітіре сала Мәскеу қаласындағы аспирантурада оқыған кезеңі де, 1962 жылы халықаралык жағдайдың шиеленісуіне орай кенеттен әскер қатарына шақырылған жылдары да поэзияға деген құштарлығын ортайта алмады. Әр жылдарда Семей қаласындағы №3 мектепте мұғалім, облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, Абай музейінде ғылыми қызметкер, Семей педагогикалық институтында аға оқытушы, Талдықорған Мемлекеттік педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, Семей малдәрігерлік институтында аға оқытушы, облыстық білім басқармасында инспектор, Семей облыстық әкімшілігінде аудармашы, республикалық «Абай» журналында аға ғылыми қызметкер болып қызмет істеген. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан алғашқы өлеңдер жинағының жарық көруі осы ізденістің арқасы. Орыс тілді қазақ ақыны 1970-80-жылдары да поэзия саласында өнімді еңбек етті. Таза ақындық жүректен төгілген лирикалық өлеңдері мен «Окно однокласницы» атты поэмасында жырлаған шынайы сезім кімді де болса баурап алары анық. Осы жылдары ақын ғалымдық жолын да мұрат етті. «Вопросы литературы», «Дружба народов», «Простор» журналдарында ғылыми-публистикалық мақалалары жарияланып жатты.
«Абай поэмалары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Сұлтанбеков шығармашылығының қомақты бөлігі - Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұраларын зерттеу еңбектеріне тоқталсақ «Дағыстан» поэмасынан басталған Абай тақырыбының желісі Мұрат шығармашылығынан үзілген жоқ. Оның абайтану іліміне қосқан үлесі Абайдың он өлеңін, 45-қарасөзін, Абай баласы Тұрағұлдың «Әкем туралы» естелігін аударғанын айтуға болады. Мұрат Сұлтанбеков Шәкәрімнің екі бірдей поэмасын «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек» поэмаларын, Ғ.Мүсіреповтің «Жалбыр» пьесасын орыс тіліне үлкен шеберлікпен аударды.
Мерзімді баспасөзде шығармалары жиі жарияланып тұрады. 1971 жылы филология ғылымының кандидаты дәрежесін алған. Ақынның «Новые стихи», «Иртышский остров», «Акылбай Кунанбаев. Дагестан», «Всю жизнь с Абаем», Поэтическое вдохновение:Абай, Шакарим и Мұхтар», «Шакарим. Казах в зеркальном отражении» сияқты жыр жинақтары мен аударма кітаптары жарық көрген.
М.Сұлтанбеков аудармашылықпен қоса, драматургия саласында жемісті еңбек етті. Көп актілі «Аттила» атты тарихи пьеса жазды және Қайнар университеті мен Патеон Ассос университетінің Седимес институты ұйымдастырған Алматыда өткен Аттиланың 1600 мерейтойына арналған ғылыми конференцияда Аттила жөнінде баяндама жасап, аталған пьесасы үшін Аттила атындағы медальмен марапатталды.
2003 жылы Семейдің облыстық Абай атындағы сазды-драмалық театры «Жұлдызды аспан» – «Звездное небо» атты пьесасын қазақ және орыс тілдерінде сахнаға шығарған. Көптеген Құрмет грамоталармен, Халықаралық «Аттила» (2003) медалімен марапатталған.