Ысмаилов Төлеужан
Ысмайылов Төлеужан
(1932-1973)
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, Қайнар орта мектебінің түлегі – Төлеужан Ысмайылов бұрынғы «Социалистік Қазақстан» совхозының Аққора деген жерінде дүниеге келді Әкесі Мұхамеджан колхоз басқармасы бола жүріп, 1942 жылы әскерге алынып, майданнан оралған жоқ. Қаршадайынан жетім қалған Төлеужан Шоң деген жерде бастауыш класты бітіріп, кейін Қайнар орта мектебінде оқыды. Төлеужанға ақындық нағашы жұртынан дарыды. Шешесі де домбырашы, әнші болған кісі. Арғы тегі атақты жыршы Жанақтан бастау алатын Төлеужан орта мектепті 15 жасында аяқтаған. Одан КазМУ-дің журналистика бөлімінде оқыды. Сонда оқып жүріп-ақ өлеңдері жариялана бастады.
1951 жылы университетті тамамдаған соң, «Жазушы» баспасында редактор болып, соңынан Қазақстан жазушылар Одағында кеңесші, Павлодар, Қызылжар облыстық газеттерінде, «Лениншіл жас» газетінде жемісті еңбек етті. Төлеужан таланты жөнінде белгілі қаламгер Т.Ахтанов: «Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант – Төлеужан Ысмайылов еді» дейді. Төлеужан шығармасының кең қанат жаюына көп көмек жасаған жазушы Ә.Нұршайықов болды.
Төлеужан талантты ақын ғана емес, талантты журналист те болды. Оның қаламынан туған көркем очерктер мен мақалаларды жұрт қызыға оқыды. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты жыл ғана еңбек етті. Тіршілігінің соңында ауыр дерт өкпе ауруымен арпалысты.
Ақынның козі тірісінде екі кітабы жарық көрді.: «Әлдекімге бір шапалақ» (1958), «Есіл» (1959) бәрі де отыз жасқа дейін жазылған дүниелер. Ақынның әдеби мұрасының бір саласы - аударма болды. Үлкен күрделі, еңбек Т.Драйзердің «Америка трагедиясы» (1962) романының көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлінген. Көптеген орыс ақындарын қазақша шебер сөйлете білген Төлеужанның аудармашы ретіндегі құдіретін көрсететін екі үлкен еңбегі бар: А.С.Пушкиннің «Батыс славян жырлары», екіншісі- М. Лермонтовтың «Мцыри» поэмасы.
1984 жылы шыққан «Сырымды айтам» деген кітабы бірнеше өлеңдерден, сатиралар және поэмалардан тұрады.
2023 жылы Абай облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Төлеужан Ысмайыловтың «Өмір гүлі» кітабы жарыққа шықты.
Төлеужан Мұхамеджанұлы 1972 жылы 11 тамызда Семей қаласында туберкулезден қайтыс болды.
Төлеужан Ысмайылов – қазақ поэзиясының ерекше нәзік лирикалық сазы мен терең ойлы өлеңдерімен есте қалған ақын. Ол қысқа өміріне қарамастан қазақ әдебиетінде өз дәуірінің көрнекті өкілі ретінде танылды және кейінгі буын ақындары үшін шабыт көзі болды. Оның шығармашылығы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен рухани әлемін бейнелеп, әдеби аудармалар арқылы қазақ оқырманына әлем әдебиетінің озық үлгілерін таныстырды. Төлеужанның поэзиялық мұрасы бүгінгі күнде де оқырманға ой салатын, жүрекке жол табатын құнды әдебиет үлгісі болып қала береді.