Сапаев Ғазиз
Сапаев Ғазиз
(1926-2012)
Ғазиз Сапаев 1926 жылы 10 қазанда Семей өңірінің Тарбағатай ауданындағы «Қарасу» совхозының «Ақмектеп» бөлімшесінде дүниеге келген. 1947 жылы Семей қаласында мұғалімдер институтын, 1952 жылы педагогика институтын бітірген. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында, Семей облысының Аягөз ауданында және Семей қаласында он екі жыл мұғалім болып істеп, мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1959-1981 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық «Семей таңы» газетінде мәдениет және жоғарғы оқу орындары бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарды. Редакцияда қызмет істеп жүрген кезінде мәдениет, әдебиет саласы бойынша өнер адамдары, ақын-жазушылар, ғалымдар туралы мақалалар жазды, бірнеше сыни мақалалардың да авторы. 1981 жылдан бері шығармашылық жұмыстар атқарады. СССР-дың Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.
Жазушының шығармашылық қызметі 1950-жылдардан басталды. Алғашқы повесі «Жыл жемісі» 1963 жылы жарияланды. Кітапта жоғары оқу орнын бітіріп енді ғана еңбекке кіріскен жас мұғалім Ержан туралы, оның ұстаздық жолдағы оқу мен еңбек процесін өзара ұштастырудағы бағыты сөз болады. Демек, педагог-автор совет мектептерінің даму жолын, яғни бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан мектеп реформасын дәл болжай білген.
Жазушының өзіндік екінші белесі – «Менің Көгершінім» (1969) повесі. Мұнда ол жастар тәрбиесі туралы көкейтесті мәселені алдымызға тартады. Онда жеңіл жүрісті ортаға кетіп қала жаздаған Тентеш ауыл қызы Көгершінмен танысып, өміріне күрт өзгеріс еніп, еңбекке араласады.
Ғазиз Сапаевтың екі повесть және әңгімелері енген «Гүлдана» кітабына 1977 жылы жарыққа шықты. Осы жинақтағы «Тойым-той» повесі жарияланды. Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің репертуарына қабылданған Ғ.Сапаевтың «Тойым-той», «Қиын екен қыз дегенің» пьесалары 1977-1984 жылдар аралығында Абай атындағы Семей облыстық музыка-драма театрының сахнасында үздіксіз қойылып, көремендер көңілінен шықты.
«Туған жерден алыста» атты көлемді повесі 1982 жарық көрді. . «Туған жерден алыста» повесінің мазмұнын кеңейтіп, «Фолиант» баспасынан «Сағыныш» деген атпен роман болып 2002 жылы жарыққа шықты. Ғазиз Сапаев бұл романында Шыңжанда өткен 1933 -1943 жылдар аралығындағы өмірін баяндайды «Сағыныш» Кеңестер Одағында өмір кешкен елдің басынан өткен ірі әлеуметтік күйзелістерді тұтас қамтиды.
«Жазушы» баспасынан Сапаевтың «Жол үстінде» 1989) жылы кітабы басылды
2011 жылы Алтай-Ертіс кітапханасы бойынша облыс әкімі Б.Сапарбаевтың басшылығымен «Бел-белестер» деген кітабы жарыққа шықты. Онда өлеңдері, әңгімелері, естеліктері енгізілген. Ғазиз Сапаев - жазушы, педагог әрі ғалым Қайым Мұхамедханов туралы, профессор, зооветинституттың алғашқы ректоры Байдулла Садықов туралы, математик Қ. Нұрсұлтанов т. б. қала мен облыстың көрнекті адамдары жайлы мақала мен очерктердің авторы. Жергілікті ақындар Мерғали Ыбраев, Сәду Машақов өлеңдерін орыс тіліне аударған. Қазақстанның Жоғары Кеңесі грамотасымен және медальдармен марапатталған. Жазушы 86 жасқа қараған шағында Семей қаласында қайтыс болды.