Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Оразалин Кәмен

Оразалин Кәмен

Оразалин Кәмен

(1920-2008)

Шәкәрім ақынның қолынан дәм татқан, Мұхтардай ғұлама жазушымен сыйлас, Абай рухының асыл шырақшысы Кәмен Оразалин 1920 жылы 16 маусымда Абай облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келді. 1939 жылы орта мектепті аяқтап, әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Жасы 20-да болған жас жігіт соғыста ел мен өмір арпалысында жүріп, сол кезден-ақ Абай, Шәкәрім, Көкбай сияқты ұлы тұлғалардың сөз өнеріне құмар болып, қалам мен қаруды қатар ұстады.

Соғыстан аман оралған Кәмен Оразалин 1947 жылы мұғалімдер институтын бітіріп, туған ауылындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарды. Бала оқытумен қатар жазушылықты да қатар алып жүрді. 1950 жылы «Жексен» повесімен әдебиетке қадам басты. 1959 жылы тың тақырыбына арналған «Ақ жазық», коллективтендіруді бейнелеген «Көктем салқыны», «Кең байтақ» романдары мен «Абай ауылына саяхат» атты тарихи кітаптары жарық көрді.

Абай–Мұхтар дәстүрінде Кәмен Оразалиннің орны дербес: ұлы дәстүрге адалдық, оны жалғастыру парызын сезінді. 1972 жылы Мұхтар Әуезов туралы төрт томдық роман жазды, оған 20 жыл ізденіп, 35 жыл табан аудармай еңбек етті. «Абайдан соң» – оның ең негізгі туындысы, қазақ дүниетанымының негізін, сахаралық қалыбын сақтаған еңбек.

Жарты ғасырын Абай атындағы орта мектепте жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатып өткізген жазушы зейнеткерлікке шыққан соң да жазумен шұғылданды.

2025 жылы Абай облысының әкімінің қолдауымен жүзеге асырылғын (Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» атты жинағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді.

Майдангер, қазақ әдебиетінің қадірлі ақсақалы Кәмен Оразалин 2008 жылы наурыз айында дүниеден өтті. Ол «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері, «Парасат» ордені және көптеген медальдардың иегері болды.

Кәмен Оразалин – Абай әлемін өмірінің өзегіне айналдырған, ұлы ақын мұрасын көркем прозада терең бейнелеген санаулы қаламгерлердің бірі. Ол Абайдың айналасындағы тарихи тұлғалар тағдырын, қазақ қоғамының рухани болмысын шынайы суреттеуімен ерекшеленді. Жазушы шығармаларында туған жерге сүйіспеншілік, адамгершілік, елдік сана, ұрпақ тәрбиесі басты идея ретінде көрініс тапты.

Мұхтар Әуезовпен шығармашылық әрі рухани байланысы Кәмен Оразалиннің жазушылық жолына айрықша әсер етті. Әуезовтің сенімін ақтап, Абай дәстүрін жалғастыруды азаматтық борыш санаған қаламгер қазақ прозасында «Абайдан кейінгі кезеңді» көркемдік тұрғыда жүйелеп берген жазушы ретінде бағаланады.

Кәмен Оразалиннің еңбектері – тарихи дерек пен көркем қиялды шебер ұштастырған құнды мұра. Ол өз шығармалары арқылы Абай мектебінің рухани жалғастығын сақтап қана қоймай, ұлттық әдебиетке тәлім-тәрбиелік мәні зор, тағылымды туындылар қалдырды. Жазушының әдеби мұрасы бүгінгі таңда да зерттеліп, оқырманын рухани биікке жетелейтін асыл қазына ретінде бағаланады.