Назархан Сәкен Назарханұлы
Назархан Сәкен Назарханұлы 11.04.1964 жылы Семей облысы, Абай ауданына қарасты Саржал ауылында туған.
Ол 1996 жылы Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің «Бейнелеу өнері, көркем еңбек және графика» факультетін тәмәмдаған.
Қазақстанға белгілі қолөнер шебері, этнодизайнер, реставратор, «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі», Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық дизайн академиясының академигі.
Қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін терең меңгерген, ұлттық мәдени мұраны жаңғырту және сақтау жолында табысты еңбек етіп жүрген жоғары кәсіби деңгейдегі шебер.
Ол ағаш, сүйек, тері, мельхиор, күміс сияқты дәстүрлі материалдарды пайдалана отырып, ұлттық тұрмыстық бұйымдар, бүркітшілік құралдары, бес қару, сондай-ақ ұлттық музыкалық аспаптар жасап келеді. Шебер туындылары тарихи дәлдігімен, көркемдік шешімімен және орындау сапасының жоғарылығымен ерекшеленеді.
Шебердің еңбектері Алматы, Астана қалаларында өткен республикалық және халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» (2024) төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» (2024) төсбелгілерімен, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының «Абай» медалімен (2024) марапатталды