Төлеубаев Әбдеш Тәшкенұлы
Төлеубаев Әбдеш Тәшкенұлы (15.11.1953-10.07.2023) – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Көркемөнер академиясының академигі. 1953 жылы 15 қарашада ҚХР Шәуешек қаласында туған. 1959 жылы ата-анасымен бірге тарихи отанына оралды. 1970 жылы Семей облысы, Ақсуат ауданы Көкжыра ауылында М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген. 1970 жылы ҚазМУ тарих факультетіне оқуға түседі. Ә. Төлеубаевтың студенттік және ғылыми өмірі академик А. Х. Марғұлан мен доцент А. Оразбаев бастаған экспедициялармен байланысты болды.
1975 жылы КСРО ҒА Миклухо-Маклай атындағы этнография институтының аспирантурасына түседі (Мәскеу қ.). Мұнда ол қазақтардың мұсылмандық сенімге дейінгі нанымдары тақырыбын зерттеумен айналысады. Оның ғылыми жетекшілері Орта Азия мен Қазақстанның белгілі зерттеушілері, ғылым докторлары Т.А. Жданко және Г. П. Снесарев болды. А. Төлеубаев мерзімінде Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғады.
1979 жылдан бастап Ә. Төлеубаевтың оқытушылық және ғылыми өмірі ҚазҰУ-мен, оның 20 жылдан астам басқарған археология және этнология кафедрасымен байланысты болды.
1983-1984 жылдары Ресейдің Орынбор, Астрахань облыстарындағы қазақтардың этнографиясын зерттеп, ондағы қазақ диаспорасы жөнінде «Орынбор қазақтары» деген еңбек жазған. Ол Тарбағатайдың терістік бөктерінде орналасқан аудандардың аумағынан, Қалба, Шыңғыстау өңірлерінен қола, ерте темір дәуірінің бұрын белгісіз 400-ден астам археологиялық кешенін ашты, оның 60-тан астамын қазып зерттеді. Нәтижесінде осы аймақтарда да беғазы-дәндібай мәдениеті, үйсін мәдениеті жәдігерлері бар екендігі, бұл өңірлердің басқа археологиялық аймақтармен мәдени байланысы, мәдени-этнографиялық ерекшеліктері анықталды. Төлеубаевтың соңғы кездегі археологиялық зерттеулерінің ірі жетістігі - Шілікті жазығынан алтын киімді сақ патшасының мүрдесін ашуы, Үйіктің ерекше көлемі мен зәулімділігі, күрделі архитектурасы, одан шыққан бай алтын қаптырмалар, түймешіктер, зерлер (барлығы 4325 дана) сақ билеушісінің ерекше салтанатын көрсетеді. А.Төлеубаев ашқан археологиялық жауһарлар Мәскеу (2019), Кембридж (2021), Татарстан (2023) музейлерінде бірнеше ай бойы қойылды.
Ә. Төлеубаевтың негізгі еңбектері Қазақстанның ежелгі этномәдени тарихының археологиялық мәселелеріне, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі этнографиялық мәдениетіне арналған. Әбдеш Төлеубаев бір жағынан ежелгі, ортағасырлық тайпалар мен екінші жағынан қазақ халқы арасындағы мәдени-генетикалық байланысты қадағалайтын Қазақстанның алғашқы ғалым-тарихшыларының бірі болып табылады.
Профессор А. Төлеубаевтың білім беру үдерісіндегі инновациялық технологиясы оның оқыту әдістемесінің белсенді сипатында жатыр. Қазақстан археологтары мен этнографтарының орта және кіші буынының жартысынан астамын А.Төлеубаев ғылыми мектебі оқытып, тәрбиеледі. А. Төлеубаев 300-ден астам ғылыми мақаланың, 5 монография мен 6, 10, 11-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы бойынша оқулықтардың авторы.
Марапаттары:
1992 - тарих ғылымдарының докторы; 1995 - профессор; 2006 ж. – Ш. Уәлиханов атындағы бірінші сыйлықтың лауреаты; 2008 ж.- ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік оқытушысы»; 2010 ж. - ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалі; 2011 ж. - ҚР Өнер академиясының академигі; 2019 жыл – «Құрмет» ордені; 2021 жыл – әл-Фарабидің үлкен алтын медалі.2023 ж. - ШҚО әкімінің ұсынысымен облыстық мәслихат Әбдеш Төлеубаевқа "Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атағын беру туралы шешім қабылдады.
Төлеубаев Әбдеш Тәшкенұлы 2023 жылы 10 шілдеде дүниеден озды.