Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Самашев Зейнолла Самашұлы

Самашев Зейнолла Самашұлы

Самашев Зейнолла Самашұлы (17.11.1947) – тарихшы, археолог, тарих ғылымдарының докторы.

1970 жылы Өскемен педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын осы оқу орнында ұстаздық қызметтен бастаған. 1980 жылдан археологиялық зерттеулерге бет бұрып, кіші ғылыми қызметкерден бастап ғылым докторы дәрежесіне дейінгі қажырлы еңбек жолын жүріп өтті.

З. Самашевтің археологиялық бағыты Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты. 1980-1983 жж. Шүлбі экспедициясына қатысқан.

Зейнолла Самашұлының ғылыми ізденістерінің басты арнасы Орталық Азия жерін мекендеген халықтардың ежелгі және ортағасырлық тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеуге бағытталды. Ол Қазақстанның түрлі аймақтарында шоғырланған, тас дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі аралықтағы жартас бетіндегі суреттердің жүздеген жәдігерлерін ашып зерттеді. Ақбауыр, Баянжүрек, Сауысқандық, Теректі әулие, Төлеубұлақ сынды ескерткіштерде жүргізген кешенді зерттеулері мен Қазақстан петроглифтерін қамтыған докторлық жұмысы ғалымның ерен еңбегі дер едік.

Зейнолла Самашұлының ғылым жолындағы көлемді еңбектерінің бірі Алтай төріндегі әйгілі Берел қорымында жүргізген тыңғылықты зерттеулері болып табылады. Ол жетекшілік еткен археологиялық экспедиция жұмыстарының ең жарқын жаңалықтары қатарында, Берел жазығы мен Қарақаба өзені жағасындағы сақ және ежелгі түрк дәуірінің «тоң басқан» обаларынан табылған археологиялық жәдігерлерді айрықша атауға болады. Берел қорымынан табылып, осы күнге дейін бұзылмай сақталған органикалық материалдар арқылы Қазақстанның өте ертедегі ежелгі тарихына қатысты соны тұжырымдар жасап, көшпенділердің технологиялық даму дәрежесі мен дүниетанымы жайлы әлемдік ғылымға теңдессіз жаңалықтар ұсынды.

Ғалым Қазақстан мен Еуразия даласының көне тарихы мен археологиясына қатысты 400-ден астам ғылыми мақалалардың, оның ішінде 30-дан аса монографиялық еңбектің авторы.

Саналы ғұмырын қазақтың төл тарихын түгендеуге арнаған ғалым және осы жолда шәкірт баулып жүрген ұлағатты ұстаз. Тынымсыз еңбек пен биік парасат пайымының нәтижесінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының иегері атанды.