Омаров Ғани Қалиханұлы
Омаров Ғани Қалиханұлы (03.06.1961) – әл-Фараби атындағы атындағы Қазақ Ұлттық Университеттің археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты. Негізгі зерттеу тақырыбы - Шығыс Қазақстанның ежелгі дәуір археологиясы.
1989 жылдан бастап Тарбағатай теріскейі, Шыңғыстау мен Алтайдың қола, ерте темір, түркі дәуірі ескерткіштерін зерттеумен айналысты. Қазақ-француз біріккен археологиялық экспедициясының құрамында Берел қорымындағы сақ дәуірінің қорғандарында, 1999 жылы Қазақ-Ресей біріккен археологиялық экспедициясының зерттеулері бойынша ШҚО Марқакөл ауданы жерінде кешенді зерттеулерге қатысты. 2003 жылы Шілікті алқабындағы археологиялық экспедициясына, 2004 жылы Батыс Қазақстандағы кешенді археологиялық зерттеулерге қатысып, қазба және барлау жұмыстарына атсалысты. 2008 жылдан 2011 жылға дейін Үйгентас экспедициясына, Ойжайлау сақ, түркі дәуірі ескерткіштерінде, ортағасырлық қалаларында археологиялық зерттеу жұмыстарын және археологиялық барлау жүргізді.
Ғ.Омаровтың басшылығымен «Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері», «Оңтүстік-Батыс Алтайдың ежелгі және орта ғасыр көшпелілері: пәнаралық зерттеу» және «ШҚО Үржар ауданының археологиялық ескерткіштері», ал 2018-20 жылдар аралығында «Көне заманнан орта ғасырларға дейінгі Қазақ Алтайы тұрғындарының сакралды кеңістігі және жерлеу-ғұрыптық рәсімдері» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелі атқарылды.
Қазіргі кезде Ғани Омаровтың жетекшілігімен ҚР БжҒМ жариялаған 2021-23 жылдарға арналған ШҚО «Аягөз ауданының археологиялық ескерткіштері: пәнаралық зерттеу» және ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Шелек-Талғар қосөзені аралығындағы ерте көшпелілер қорғандарының конструктивті ерекшеліктері» атты 2020-22 жылдарға арналған ғылыми жобалар аясында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ғани Омаров отандық археология ғылымына дамуына, археолог мамандарды даярлауда сүбелі үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз, елімізге, алыс-жақын шетелдерге белгілі кәсіби археолог.