Халиди Құрбанғали
Халиди Құрбанғали (30.11.1846-14.03.1913) – тарихшы, қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші. Ол 1846 жылы қараша айында Аягөз қаласында дүниеге келген. Оның әкесі, татар саудагері Халид – Қазан уезінің Урнаш Баши ауылының тумасы. Халид жастайынан қазақтармен сауда жасап, 1841 жылы Аягөз қаласына көшіп келеді. Сол жерде 30 жыл тұрады. Халид баба Аягөз (Сергиополь) диуанына жазылып, сол жерде үйленеді. Құрбанғали мырза сол некеден Аягөзде дүниеге келеді. Құрбанғали Халиди 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесінде Мұхаммед Садық Ысмайылұлы есімді молдадан дәріс алып, кейін Семей қаласында Әбдіжаппар Ғұбайдуллаұлының медресесінде оқуын аяқтайды. Ол жерде араб, парсы, түрік тілдерін меңгереді. Соның көмегімен шығыс тарихынан көп мағлұмат алады. Медреседе діни білім берілетініне қарамастан, өзінің зеректігінің арқасында Құрбанғали Халиди зайырлы ғылым салысынан да кенде қалмайды. Медресені бітірген соң, туған жері Аягөз қаласына келіп, бала оқытады. 1874 жылы жұмыс бабымен Шәуешек қаласына көшіп, мешітте имам болады. Медресе ашып, мұсылман жастарына араб, парсы, татар тілдерінде білім береді. Ол өмірінің соңына дейін, яғни 1913 жылдың 14 наурызына дейін имамдық қызмет атқарған. Құрбанғали Халиди Шәуешек қаласында тұрғанымен Аягөз, Семей, Омбы, Орынбор, Уфа, Қазан қалаларына сауда, саяхат, діни іспен барып, ғалымдармен, ақын-жазушылармен, баспа қызметкерлерімен танысқан. Зиялы адамдармен байланыс орнатып және үнемі ғылыми ізденісте болған. Құрбанғали Халиди Қазақстанның, Шығыс Түркістанның ауыл-қаласын аралап, тарихи-этнографиялық деректер, материалдар жинаған. Құрбанғали Халиди «Тарих-и жарида-и жадида» еңбегін 1886-1887 жылдары Шығыс Түркістанға жасаған саяхаты кезінде өзі көрген, кездескен адамдардан алған мәліметтерді пайдаланып, ғылым адамдарының жазған еңбектеріне сүйене отырып жазған. Сол себептен бұл еңбекті бір жағынан саяхатнама, екінші жағынан ғылыми-зерттеу жұмысы деп айтуға болады. Автор бұл еңбекте Шығыс Түркістандағы Манас, Санчы, Үрімші, Дауаншы, Тұрпан, Астана сияқты қалалардың этникалық құрылымын, жер-су аттарын, мәдени ахуалын, мешіттері туралы мәліметтер беріп, сол қалаларда өмір сүрген атақты адамдар, олардың өмірі туралы жазады. Сонымен қатар Шығыс Түркістанның Тұрпан қаласында болғанда айтылған «Асхабу-л-Каһф (Үңгір иелері)» дастаны туралы, сол аймақтарда өмір сүрген дүнгендердің ислам дініне өтуі туралы мәліметтер береді. Құрбанғали Халидтың «Тарих-и жарида-и жадида» - «Жаңа тарих жазбалары» атты еңбегінің көшірмелік нұсқасын Ахмет Вали Казани «Семей тарихы. Факсимилие және аударма» деген атпен 2001 жылы Берлин қаласында бастырып шығарды. 2013 жылы Анкара (Түркия) қаласында Бахаттин Генчалдың әзірлеуімен осы еңбектің транскрипциясы латын әріптерімен «KITAB-I TARIH-I GERIDE-I GEDID. KARI KURBAN ALI HALIDI» деп басылып шықты. Одан басқа «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегін жазып шығарды. Ол еңбекте қазақ ауыз әдебиетінен мәліметтер келтіріледі. Құрбанғали Халиди 1913 жылдың 14 наурызында Шәуешек қаласында дүниеден өтті.