Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Масанов Едіге Айдарбекұлы

Масанов Едіге Айдарбекұлы

Масанов Едіге Айдарбекұлы (19.11.1926-14.07.1965) – қазақ халқының дарынды ғалымы, қазақ этнографиясы мен тарихнама ғылымының негізін қалаушылардың бірі.

Ол 1926 жылы 19 қарашада Семей қаласында белгілі қоғам қайраткері Айдарбек Баймұхамедұлы мен Зейнеп Уәлиқызы Масановтар отбасында дүниеге келді. Әкесі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған.

1941 жылы орта мектепте оқып жүріп, жасына төрт жас қосып алып әскери борышын өтеуге аттанады. Ресми құжаттарында туған жылы 1922 жыл деп көрсетілгенмен шын туған жылы 1926 жыл болатын.

Жаяу әскер училищесінің курсанты, 1943 жылдың маусым айынан 8 гвардиялық десанттық бригаданың қатардағы жауынгері, 1945 жылдың қаңтарынан 502 шабуылдаушы Таман авиаполкінің әуе атқышы. 1945 жылдың қаңтарынан мамырына дейін Ұлы Отан соғысына қатысып, ІІ Балтық, Ленинград майдандарында жаумен шайқасқан. 1947 жылдың наурыз айында әскер қатарынан босаған.

1948 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1953 жылы бітіреді. Қарағанды қаласындағы орта мектепте мұғалім болып істейді. 1955 жылы Мәскеудегі Н. Н. Миклухо –Маклай атындағы этнография институтына аспирантураға түседі. 1958 жылдың қазан айынан өмірінің соңына дейін Қазақ ССР Ғылым академиясы Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология, этнография институтында алдымен кіші ғылыми, сосын аға ғылыми қызметкер болып істеген. Республиканың әр түрлі аудандарына жіберілген этнография экспедицияларды басқарды.

1960 жылдың наурыз айында «XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының кәсібі мен қолөнері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1960 жылы 1 наурызда СССР Ғылым Академиясы этнография институтының шешімімен тарих ғылымының кандидаты атағы берілді.

Едіге Айдарбекұлы институттың ғылыми қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Ғылыми еңбектері қазақ халқының этнографиясын зерттеуге арналған. Оның қаламынан шыққан 40-қа жуық ғылыми еңбектерінің ішінде «XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының киіз өндірісі», «Ресейде 1845 жылға дейінгі Қазақстан этнографиясын зерттеу», «Қазақтардың зергерлік және ұсталық өнері жайлы» т.б.

Ш. М. Ибрагимов, Ш.Ш.Уәлиханов, Ы. Алтысарин туралы ғылыми еңбектер жазған. "Очерки развития истории науки в Казахстане", "Очерк этнографии изучения Казахстана в СССР" монографиясының авторы.

Е. Масанов Р. Сүлейменов, В. Юдин, Х. Арғынбаев, Марат Мұқанов секілді белгілі ғалым-тарихшылар, этнографтармен өте жақсы достық қатынаста болған. Курстас достарымен үнемі хабарласып, ғылыми тақырыпта пікірлесіп тұрған. Әсіресе атақты археолог Х. Алпысбаев, этнограф Г. Исхаков, А. Оразбаевтармен белгілі тарихшы Рамазан Сүлейменов, В. Юдиндермен қазақ тарихына, этнографиясына деген таңғажайып қызығушылықтары ортақ еді.

Едіге Масанов 1965 жылы 14 шілдеде 38 жасында этнографиялық экспедиция кезінде қайтыс болды. Қарағанды облысы Жезді ауданында Сарыкеңгір өзенінен өту кезінде өзі малту білмесе де суға кетіп бара жатқан әріптесін құтқармақ болған.