Марғұлан Әлкей Хақанұлы
Марғұлан Әлкей Хақанұлы (11.05.1904-12.01.1985) – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы. Бүкiлодақтық география қоғамының толық мүшесi, филология ғылымының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi.
1921 жылы Əбікей Зейінұлы Сəтбаев сынды белгілі қазақ ағартушысы директор болған Семей техникумына оқуға түседі (1939 жылы Əлкей Хақанүлы Ə. Сəтбаевтың қызы Раушан Əбікейқызына үйленді). Семейде оқып жүрген кезінде Əлкей Хақанұлы «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларымен байланыс жасап тұрады. Осында ол Мұхтар Омарханұлы Əуезовпен танысады, екеуінің арасындағы достық ұзақ жылдарға созылған сыйластық қарым-қатынасқа айналады. М. Əуезовпен бірге Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға барып, Абайдың баласы Тұрағұлмен жəне Абай əндерін тамаша орындайтын Абайдың немересі Жəбірейілмен таныс болады. Осы жылдары Əлкей Хақанұлы атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлымен танысып, достық байланыста болады.
Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнерi) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстары, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. М-ның ғыл. еңбектерiнiң бiрқатары шетел тiлдерiне ау-дарылды. 1991 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтындағы археология орталығының негiзiнде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты құрылды.
100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен дүниежүзілік деңгейде аталып өттi (2004). Қазақстан ғылым академиясының Уәлиханов атындағы сыйлығының (1967), Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерiмен және медальдармен марапатталған.