Ибраев Мерғали
Ибраев Мерғали
(1942 -1997)
Мерғали Ибраев - журналист, драматург, ақын және прозашы 1942 жылы 13 маусымда Абай ауданы Қарауыл селосында туған. Орта мектепті бітірген соң, Семейдің педагогикалық институтына түсіп, армия қатарына барып келген сон аудандық газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып жауапты қызметтер атқарды.
Ибраевтың ақындық өнерінің негізі әрі де жатыр. Ол – қазақтың ұлы ақыны, әлемдік деңгейдегі ғұламасы, Абай туған топырақтан бастау алғаны болар. Ұлы ақын шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбаймен - өкшелес Шәкір Әбенов, Тәңірберген Әміренов сияқты зиялы шешендердің рухы болар. Ақынның өз әкесі Жанғали, атасы Ыбырай да дарынды адамдар болған екен. Қаламы ұшқыр журналист өлеңді ойлы да өрнекті жазатын ақын ретінде де таныла бастайды. Сөйтіп, 1970-1978 жылдары «Леииншіл жас», газетінің Семей, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарады.
1969 жылы Қазақстан жастарының «Жас керуен» атты жинағына енген бір топ өлеңдерінен бастап «Темір тұлпар», «Күміс тау», «Өнегелі өркен», «Құтты қоныс», «Судағы сәуле» атты жинақтары жеке-жеке кітап болып басылып шықты. Ақынның «Судағы сәуле» өлеңін жазудағы шеберлігі – туған жер, Отан, табиғат, махаббат туралы айта отырып, соның бәрін лирикалық қаһарманның өзіндік сезім шарпуына бөлеп, өз жүрек дүрсілін айта білетіндігі. Ал ел тарихы, өнер тағдыры туралы жазылған шығармаларды көп оқыған ақын «Қалалар мен мамонттар» деген өлеңінде бүгін жоқ болған қаланың кешегі салтанатын асқан көрегендікпен суреттей білді. Адам образын жасау шеберлігі «Мінез» деген өлеңінде айқын көрінеді.
Жақсы сөз жан семіртер демекші ақын туралы көптеген қаламгерлер жылы лебіздерін білдіреді: «Абайға арналған мүшәйраның ішінен өзімізге ұнағаны – Мерғалидың толғауы болды» (Ғ.Мүсірепов, 1971ж.)- «Қалқаман-Мамырдың қабылдануы зор қуаныш. Ал, музыкасын автордың өзі жазуы қуаныштың көкесі» (Ә.Серсенбаев, 1985ж.)
«Мерғали ақын және шын ақын» – деп жазушы Роллан Сейсенбаев айтқандай, оның ақындық әлемінің тақырыбы сан алуан, өлең дастандары терең мазмұнға құрылған, ақындық шеберлікпен өрнектелуімен оқырманын баурап алады. Ақын қысқа ғұмырында 40-қа жуық ән мен күйдің авторы. Оның өлеңдеріне жергілікті сазгерлер ән жазып, ақын туындыларын ел жүрегіне ұялата түсуде.
Әнші, сазгер Т. Рахимов музыкаландырған «Ерке жирен», «Қаламқастың қыздары-ай» әндерін автордың өзінің орындауында тыңдаған тыңдаушы ләззаттанып, шынайы рахатқа бөленеді.
Ақынның ұлттық театр өнерінің дамуына лайықты үлес қосқан драматургтік еңбегі ерекше. Күй атасы Құрманғазы өмірінен жазылған «Жігер» пьесасы тұңғыш драма. Сол секілді «Қалқаман-Мамыр», «Құрманғазы», «Шәкәрім», «Қайырлы таң, әке» секілді драмалық шығармалары Қарағанды, Семей театрларында қойылып, көрермендердің жоғары бағасын алған.
Табиғатында сегіз қырлы, бір сырлы Мерғали ақынның өмір жолындағы басты қызметі журналистік болып табылады. Жаңалықты жылдам сезгіш, қоғам, заман көшінің алдыңғы сапында болу, өз ұлтын сүю, оның болашақ тағдыры, мәдениетін, тілін, рухани байлық, салт-дәстүрін марапаттау оның журналистік туындыларының өзегі.
Қазақстан (СССР) Жазушылар одағының, ҚР Журналистер одағының мүшесі Мерғали Ибраев “Еңбектегі ерлігі үшін” медалінің, т.б. көптеген мемлекеттік белгілердің иегері, аса еңбекқор, мейлінше қарапайым, жомарт жанды адам еді.
1997 жылы дүниеден озды.