Мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған жасанды интеллект бойынша оқу семинары басталды
Абай облысында мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған жасанды интеллектті қолдану мәселелері бойынша оқу семинары басталды. 2025 жылғы 17 желтоқсанда Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен мәдениет саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне арналған екі күндік оқу семинары басталды. Іс-шараға аудандық және ауылдық клубтардың, мәдениет үйлерінің, сондай-ақ қалалар мен аудандардағы музей қызметкерлері қатысуда. Семинардың мақсаты – мәдениет саласы қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарын пайдалануға оқыту арқылы кәсіби қызметтің тиімділігін арттыру және мәдениет мекемелерінің күнделікті жұмысына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу. Заманауи технологиялар мәдениетті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, уақыт талаптарымен қатар қадам басуға мүмкіндік береді.