Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Zhadranova Ainur Boskynbaevna

Жадранова Айнур Боскынбаевна
Жадранова Айнур Боскынбаевна Туған жылы мен жері: бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы Білімі: Жоғары Негізгі қызметі / бағыты: Театр саласы Жетістіктері, атақтары (бар болса): ҚР мәдениет саласының үздігі Қазіргі қызметі: «Дариға-ай» жастар театрының әртісі Айнұр Жадранова - 1998 жылы М.Төлебаев атындағы саз колледжінің «Театр өнері» бөліміне профессор Д.Тұранқұлқызының класына қабылданды. Негізгі мамандық бойынша профессор М.С.Омарбаева, режиссер А.Айтибаев, аға оқытушы М.Алепаровалардан дәріс алып, студент кезінен үлкен сахнада көріне бастады. 2000 жылдан бастап «Дариға-ай» жастар театрының әртісі болып қызмет атқарады. Актрисаның кәсіби шеберлігі жоғары, характерлік образдардан бастап социалдық кейіпкерлерді, трагедиялық образдарды терең ішкі жан дүниесімен, темпераментімен аша біледі. Сомдаған бейнесін өткір де, өтімді кескіндеп, кең көсіліп, шын толғанып, алысқа шабатын қас жүйріктің бірі. Пластикалық мәдениеті, тіл мәдениеті, көркем дауысының диапазоны кең. Заманауи жастардың талғамына сай олардың ішкі жан-дүниесін байытып, психологиялық тығырықтан шығар жол сілтейтін ұлттық рухы мен күш-жігерлерін жанитын «Әпке» спектакліндегі Қамажай образы, «Солдат кетті соғысқа» спектакліндегі Ана образы жоғары деңгейде үлкен суреткерлікпен өрілген. Актерлік шеберлігімен қоса сөз құдіретін шебер орындап, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің IIΙ республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 2010 жылы Тараз қаласында өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған Қазақстан театрларының ХVІІІ республикалық фестивалінде «Солдат кетті соғысқа» атты спектакльде «Ана» ролі үшін «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» жүлдесімен марапатталды. 2013 жылы Облыстық мәдениет басқармасының Бүкіләлемдік театр күніне арналған салтанатты жиында «Акбарәлі Айтибаев атындағы сыйлық» номинациясы бойынша «Маска» сыйлығымен марапатталды. Сахнада ойнаған негізгі рольдері: Д.Исабеков «Әпке» - Әпке; М.Шаханов «Танакөз» - Танакөз; Ж.Б.Мольер «Сараң» - Фрозиния; М.Хасенов «Пай, пай, жас жұбайлар-ай» - Ләззат; Г.Горин «Ұмытыңдар Геростратты» - Эрита; К.Тоқаев «Солдат кетті соғысқа» - Ана; Ш.Айтматов «Ақ кеме» - Кемпір; У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Сүт анасы Р.Куни «№ 99» - Памелла; У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Күтуші; М.Мақатаев «Дариға жүрек» - Дариға; М. Рахимжанов «Әміре – аяқталмаған ән» - Оразке. В. Дельмардың «Өкінішті өмір» - Анита У. Шекспир «Ричард ІІІ» - Леди Анна Г.Хугаев «Иттің баласы немесе адамның аласы» - Қосүрей Р.Куни «Миллиард кімге бұйырады» - Зарина Е. Аманшаев «Дауыс» - Кемпір Шәкәрім «Шәкәрім. Жолсыз жаза» - Анасы; Сонымен қатар юмор, сатиралық әзіл-сықақтарда шайпау мінезді жеңгейлер мен кемпір, қыз-келіншектердің сан-алуан характерлерін ұтымды аша білді. Кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, профессор Дариға Тұранқұлқызы, белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, режиссер Жұлдызбек Жұманбай сынды өнер қайраткерлерінің шеберлік кластарының дәрістерін, тәжірибелік білімдерін тыңдады. Айнұр Жадранова өз жұмысына тиянақты, әрі ізденіс үстінде жүретін, ұжымда абыройлы, сыйлы, дарынды актрисаның бірі. Үнемі кәсіби шеберлігін шыңдау, іздену арқылы сөз, пластика, әуен бірлігін ұстанып, классикалық шығармаларды сахналауға күш салады.