Rauan Beisenuly
Туған жылы мен жері:1976 жылы 11 маусымда бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Бірлік совхозында (Көкбай) дүниеге келген. Білімі: Орта арнайы Негізгі қызметі / бағыты: Театр саласы Жетістіктері, атақтары (бар болса): ҚР мәдениет саласының үздігі Қазіргі қызметі: «Дариға-ай» жастар театрының әртісі Рауан Бейсенұлы Әкесі – Бейсен Тұрсынов, анасы – Қайша Төлеуғожина саналы ғұмырларын мал шаруашылығына арнаған. Ата-анасының еңбегі еленіп «Еңбек Қызыл ту» орденімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Бірнеше дүркін аудан, облыс чемпиондары атанған. Аудандық депутатдыққа сайланған. 1978 жылы көршілес Молдағалиев совхозына (қазіргі Медеу ауылы) қоныс аударады. Рауан Бейсенұлының өнерге деген қызығушылығы отбасынан басталған. Әкесі гармонда, домбырада жақсы ойнаған. Анасы екеуі қосылып ән айтатын. Содан болар, әкенің қанымен, ананың сүтімен келген өнер балаларына да дарып, аға-апайларына қосылып үйдің кенжесі Рауан да домбыра, гитарада ойнап, ән айтуды үйренді. 1983 жылы Семей қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №1 школ-интернатқа алғаш мектеп табалдырығын аттады. Ол мектепте облыстың түкпір-түкпірінен, мал шаруашылығындағы адамдардың балалары оқитын. Осы школ-интернатта 700 ден астам бала білім алды. Ол кезде школ-интернаттың аты бүкіл Қазақстанға мәлім болатын. Мектепте жан-жақтан келген балаларға әр-түрлі бағыттағы үйірмелер болды. Соның ішінде Рауан «Өнер» үйірмесіне қатысты. Хорда солист болды. Мектепте әр-түрлі «Алтын күз», «А ну ка, мальчики», «Әнші балапан», т.б. өнер сайыстары болатын. Солардың бәрінің бел ортасында Рауан жүретін. Төртінші класста оқып жүрген кезде жақсы оқитын балаларды қаламыздағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрына апаратын. Онда әр-түрлі балаларға арналған қойылымдар болатын. Ең алғаш театрға деген қызығушылығы осы кезден басталған.1988 жылы интернатта «Ұшқын» атты ән-би ансамблі ашылды. Сол кезде бүкіл Қазақстанға белгілі «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымдарын мектепте өтетін мерекелік іс-шараларда ойнап, оқушылар мен мұғалімдердің қошаметіне бөленді. Ең алғаш сахнаның киелі құдіретін сол қошамет арқылы сезінді деуге болады. 1993 жылы мектепті үздік аяқтап, 1994 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскерде жүргенде де киелі өнердің пайдасы көп тиді. Әскери бөлімдердің арасында өнер сайыстары болып тұратын. Сол сайыстарда өз служактарымен қатысып үнемі жүлделі орынға ие болып командирлердің алғысына бөленіп жүрді. 1996 жылы әскерден келген соң Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің «Театр өнері» бөліміне оқуға қабылданады. Профессор, академик Дариға Тұранқұлованың класына қабылданды. Актер шеберлігі, сахна тілі пәндерінен профессор Майра Омарбаева, Акбарәлі Айтибаев, аға оқытушы Мейрамгүл Алепаровалардан дәріс алды. 1999 жылы «Дариға-ай» жастар театрына қабылданғаннан бастап өзінің еңбекқорлығымен, елгезек мінезімен бірден көзге түсті. Театрдағы актерлік шеберлігі жоғары, беделді де белсенді маман ретінде өзін таныта біледі. Сахнада сомдаған рольдерінің әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын көркемдік тәсілмен өріп шығарады. Атап айтқанда, Р. Кунидің «№99» спекталіндегі Ричард Уиллидің бейнесін өткір кескіндеп, европалық стиль, қазіргі заманауи ағымына сай адамдардың бір-біріне деген ара-қатынасы, ашкөздік, парақорлық, нәпсі құмарлық сияқты қоғамда толып жатқан келеңсіз оқиғаларды шынайы жеткізіп, көрерменге ой салды. Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» спектакліндегі Оразқұл образын аса суреткерлікпен сәтті шығарды. Рауан Бейсенұлының табиғатының кеңдігі, байыпты, байсалды мінезі оның орындаушылық, ізденгіштік қасиеттерін айшықтай түседі. Тартысқа толы тағдыр талқысына бетпе-бет келген жас баланың арман қиялын ізгілікке жетелейтін сюжет, жастарға рухани азық болары сөзсіз. Д. Исабековтың «Есепшот, түйетауық, домино» спектакліндегі Ботбай образы ерекше сатиралық сарказммен, әжуа мысқылмен шебер жасалған. Сатиралық образдарды сәтті шығарғаны үшін 2002 жылы Астананың 5 жылдығына арналған Республикалық «Тазша бала» байқауында ІІ дәрежелі лауреат атанды. 2013 жылы Әміре Қашаубаевтың 125 жылдығы қарсаңында Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының алғыс хатымен, Бүкіләлемдік театр күніне орай театр әкімшілігінің мақтау қағазымен марапатталды. 2014 жылы Халықаралық театр күні қарсаңында «Ең үздік ер адам ролі» номинациясы бойынша Облыстық мәдениет басқармасының дипломымен марапатталды. 2015 жылы театр күніне орай «А.Айтибаев» атындағы номинацияға ие болды. 2019 жылы ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, Халық әртісі Ә.Мәмбетовтың 100 жылдығына арнайы төсбелгімен, Мәдениетке қосқан үлесі үшін төсбелгісімен марпатталған. Сахнада ойнаған негізгі рольдері: Д. Исабеков «Есепшот, домино және түйетауық» - Ботбай, М. Шаханов «Танакөз» - Мұрат, Ж.Б. Мольер «Сараң» - Вальер, Ансельм, М. Хасенов «Пай, пай, жас жұбайлар-ай» - Багратион, Г.Горин «Ұмытыңдар Геростратты» - Тисоферн патша, К.Тоқаев «Солдат кетті соғысқа» - Власов, Ш.Айтматов «Ақ кеме» - Оразқұл, Р.Куни «№99» - Ричард Уилли, У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Капулетти, Р.Киплинг «Алаулаған қызыл гүл» - Балу, М.Рахимжанов «Әміре – аяқталмаған ән» - театр директоры, Губком өкілі, Ә.Тауасаров «Махаббат аралы» - Орманшы, Вина Дельмардың «Өкінішті өмір» драмасында - Джордж, Г.Хугаевтың «Иттің баласы немесе адамның аласы» аңызында - Кико, Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясында - Брэкенбери, А.Несиннің «Үмітіңді үзбе» - Полицей, С.Балғабаев «Ең әдемі келіншек – Жиенбай образдарымен қатар сатиралық әзіл-сықақ сахналарында түрлі кейіпкерлерді сомдады. Кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында профессор Дариға Тұранқұлқызы, белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, режиссер Жұлдызбек Жұманбай, Дина Құнанбай, Камат Касенов сынды өнер қайраткерлерінің шеберлік дәрістерін, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Актерлік өнер» бағыты бойынша біліктілік арттыру курсын тәмамдады. Р. Бейсенұлы театр ұжымының алдында абыройы жоғары, ізденімпаз, жауапкершілігі мол азамат. Үнемі ізденісте жүретін, көп еңбектенетін нағыз шығармашылық тұлға, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі. Театрдың кәсіподақ ұйымының төрағасы. Отбасылы, бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Қызы – Айым заңгерлік мамандықты меңгерген болса, ұлы Нұрым әке жолын жалғастырып өнер жолында музыка зерттеуші мамандығында білім алып жатыр. Жары – Арай Бейсенова медицина саласының маманы, ұстаз.