Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Aleparova Meiramgul Akshabekovna

Алепарова Мейрамгул Акшабековна
Алепарова Мейрамгул Акшабековна «Дариға-ай» жастар театрының негізін қалаушылардың бірі Мейрамгүл Ақшабекқызы 1985 жылы Алматы мемлекеттік театр және сурет өнері институтының «Драма театры және кино актеры» мамандығын және 2002 жылы М.Әуезов атындағы Семей университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығын бітірген. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасында көп жыл ұстаздық етіп, 1996 жылы Ленинградтағы Н.К. Черкасов атындағы мемлекеттік театр, музыка және киноматография институтының «Сахна тілі және тіл мәдениеті» біліктілігі бойынша білімін жетілдірді. Әнші-вокалистердің негізгі мамандық бойынша ұстаздары Қазақ ССР халық әртісі, профессор К. Кенжетаев, Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі, профессор Ж. Баймолдина, профессор М. Жүнісов сияқты елімізге танымал тәжірибелі ұстаздармен бірге музыкалық драма мамандарына, қуыршақ театры мамандарына дәріс беріп, бірнеше рет дарынды түлектерді бітіртіп шығарды. Сол кездің өзінде Мейрамгүл Ақшабекқызының шәкірттері Г. Саймасаева Халықаралық Яхонтов атындағы көркемсөз шеберлері байқауының лауреаты, белгілі әнші Қ. Болманов Халықаралық «Азия дауысы» байқауының лауреаты атанды. Мейрамгүл Ақшабекқызы 1996 жылы Алматыдан профессор Д.Тұранқұлқызы бастап келген білікті мамандардың бірі болып, М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінде театр өнері мамандарын дайындауда үлкен үлесін қосты және «Дариға-ай» жастар театрының ірге тасын қалауға аянбай еңбек етті. Қазақ әдеби тілінің бай мұрасын жастарға сусындата отырып, Мәскеу, Ленинград театр мектептерінен алған білімін тереңдетіп, дауыстың сұлулығы, дикциясының тазалығы, физиология, психология, фониатрия, тіл техникасы саласындағы кәсіби шеберлігін театр сахнасында орынды пайдалана білді. Әсіресе, қазақтың классикалық шығармаларынан бастап, көркемсөз оқу шеберлігі саласында көптеген жас актерлерге бағыт-бағдар беріп, Республикалық «Шабыт», О.Бөкей атындағы конкурстарда лауреат атанып, бас жүлде I, II - ші орындарды жеңіп, облыстың намысын, қазақ тілінің абыройын аспандата білді. Қазіргі таңда шәкірттері еліміздің мәдениетін, өнерін дамытуға өз үлестерін қосуда. Сол жүлдегер түлектердің арасында белгілі актер Әсет Иманғалиев, белгілі айтыскер ақын Ринат Заитов, ГИТИСті бітіріп келген жас режиссер Жұлдызбек Жұманбайды ерекше атап өтуге болады. 2013 жылдан бастап қайтадан М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінде «Актер өнері» мамандығы бойынша талапкерлер қабылданып білім алуда. Негізгі мамандық бойынша тәжірибелі, кәсіби шеберліктері жоғары ұстаздар білім беруде. Мейрамгүл Ақшабекқызы сол кәсіби ұстаздардың бірі де, бірегейі десек артық емес. Режиссер А.Айтибаевпен бірлесе отырып, Абайдың «Қалың елім, қазағым» атты, Шәкәрімнің «Бостандық таңы атты», тіл мерекесіне арналған «Тілім менің», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты әдеби музыкалық композициялар сахналап, жоғары бағасын алды. Мейрамгүл Ақшабекқызы қазақтың бай көркем сөзі мен тіл мәдениетіне сүйене отырып, шешендік өнері бойынша қазіргі заман талабына сай сахналық қойылымдар, поэзиялық сазды композициялары үлкен жетістіктерге жетті. Қазір зейнет жасында. Бірақ соған қарамай театр мен училищедегі шәкірттеріне әлі де болса ьілім нәрімен сусындатып келеді.