Asylbekova Assel Serikkyzy
АСЫЛБЕКОВА АСЕЛ СЕРИКҚЫЗЫ Туған жылы жері: 03.07.1987ж. Абай облысы Шұбартау ауданы, Баршатас ауылы Білімі: арнайы жоғары Негізгі қызметі: театр саласы Жетістіктері, атақтары: ҚР Мәдениет саласының үздігі Қазіргі қызметі: артист Асель Серікқызы Асылбекова кәсіби білімі мен сахналық тәжірибесі үйлесім тапқан, қазақ театр өнерінде өзіндік орны бар талантты актриса. Ол 1987 жылғы 3 шілдеде бұрынғы Шұбартау ауданына қарасты Баршатас ауылында дүниеге келген. Асель Асылбекова 2009 жылы Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің хор дирижері мамандығы бойынша тәмамдап, өнер саласындағы алғашқы кәсіби негізін қалады. Өз мамандығына деген жоғары жауапкершілігі мен табандылығы оны сахна өнеріне жетелеп, актерлік бағытта дамуына мүмкіндік берді. Актриса 2017-2021 жылдар аралығында Қырғызстан Республикасының Б.Бейшеналиева атындағы мәдениет және өнер университетін «Театр және кино актері» мамандығы бойынша аяқтап, кәсіби актерлік білімін тереңдетті. Асель Асылбекованың сахнадағы алғашқы қадамы А.Вампиловтың «Әріп терушінің әбігері» спектакліндегі Виктория бейнесімен басталды. Театр табалдырығын аттаған сәттен бастап ол қойылым дайындықтарына белсенді қатысып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы мен Т.Ибрагимов және Т.Базарбаевтің «Жас Абай» спектакльдерінде актерлік шеберлігін көрсете білді. Жемісті шығармашылық ізденісі мен сахнадағы табысты еңбегінің нәтижесінде Асель Асылбекова 2016 жылы «Ең үздік актриса» номинациясын иеленді. Оның «Башмақ жоғалды», «Жас Абай», «Жарқанат», «Сильва» секілді музыкалық спектакльдердегі рөлдері актрисаның вокалдық мүмкіндігінің жоғары деңгейде екенін айғақтайды. Ол сомдаған әрбір образ терең ізденіспен, асқан жауапкершілікпен және маңдай термен қалыптасқан. Актрисаның өнер жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, 2019 жылы Қазақстан Театрлар ассоциациясы ұйымдастырған «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығында «Үміт» номинациясының иегері атанды. Сондай-ақ 2023 жылы Асель Серікқызына «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Актриса бүгінгі күнге дейін М.Әуезовтің «Абай» роман-эпопеясы негізінде қойылған спектакльде Мағыш бейнесін, Т.Ибрагимовтың «Жас Абай» драмасында Тоғжан образын, Тажи Ғиззаттың «Башмақ жоғалды» музыкалық комедиясында Сәрвар рөлін, А.Вампиловтың «Әріп терушінің әбігері» қойылымында Виктория бейнесін, Е.Жуасбектің «Үйлену» спектаклінде Желек пен Зерек кейіпкерлерін, Ө.Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуі» шығармасында Құралай мен Гүлчетай образдарын сомдады. Сонымен қатар О.Иоселианидің «Отыз ұлың болғанша» спектаклінде Цаго, Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» драмасында Бүбіжан, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымында дәрігер, Зайгүл және Майра бейнелерін көрерменге ұсынды. Ол Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясында» Айым мен Мадина рөлдерін, А.Вампиловтың «Жарты сағаттық жағалас» спектаклінде Викторияны, Ұ.Есдаулеттің «Қара пима» драмасында Гүлсімді, И.Штраустың «Жарқанат» опереттасында Розалинданы, С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» қойылымында Розабануды, А.Тілеуханның «Қаһарман Қасым» спектаклінде Зояны, И.Кальманның «Сильва» опереттасында Стассиді, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» спектаклінде Күнсұлу образын сәтті сомдады. Сондай-ақ М.Булгаковтың «Морфий» қойылымында Амнерис, Б.Абдураззаковтың «Айналайын» спектаклінде апайы, А.Салбан инсценировкасындағы «Біздің тоғысқан жеріміз» қойылымында көпшілік сахнада, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Офелия, М.Горькийдің «Адасқандарында» Василиса, М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Қарагөз, М.Мағауиннің «Әйел махаббатында» үлкен Зия бейнелерін сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, Б.Беделханның «Үш Бәйтерек» қойылымында жеті нота, Т.Әбдікәкімнің «Тыныштық дауысы» драмасында Шағангүл, «Сүйе тұра қоштастым» спектаклінде судья, «Керей хан» тарихи қойылымында Төрғын бейнесін сахнада бейнеледі. Ал «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» қойылымында хор құрамында өнер көрсетті және А.Тасымбековтің «А.Л.Ж.И.Р.» спектаклінде Ақбота рөлін сомдады. Балаларға арналған қойылымдарда да актриса жан-жақты қырын танытып, «Бәйшешек іздеген қыз» ертегісінде Айғаным, Түлкі және Сақшы, С.Балғабаевтың «Жымбала, Мико және қасқыр» қойылымында Мысық, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» спектаклінде Меңді қыз, Р.Фархадидің «Үшкір мүйізді бұзауында» Кірпі, «Мыстан кемпірдің жаңажылдық хикаясында» Айна, М.Әлібектің «Алдар Көсенің сиқырлы дүрбісінде» Макуин, Қуат Ежембековтің «Таңғажайып саяхатында» Жезтырнақ образдарын орындады. Сонымен қатар Г.Заваловтың «Ауылдағы демалыс» спектаклінде Әсел, мысық және әтеш, Иран-Ғайыптың «Жақсылық пен Жамандық» ертегісінде Түйе, Сая Қасымбектің «Батыл көжектер» қойылымында Ақшақар, Тиын мен Көккөжек, халық ертегісі «Ұр тоқпақта» Кемпір бейнесін сомдады. А.Салбанның «Ойыншықтар» спектаклінде Түн ертекшісі, «Бағдаршам мен Балапан» қойылымында Балапан, «Күнделік» ертегісінде Көжектің анасы, сондай-ақ «Аққала және оның достары» қойылымында Қоян, «Мадагаскар» спектаклінде Пингвин образдарын сәтті жеткізді.