Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Zhumanbai Zhuldyzbek Aitkaliuly

Жұманбай Жұлдызбек Айтқалиұлы

Жұманбай Жұлдызбек Айтқалиұлы

«Дариға-ай» жастар театрының негізін қалаушылардың бірі. Режиссер, театр және кино актеры, ҚР мәдениет саласының үздігі.

Жұлдызбек Айтқалиұлы 1982 жылы 1 қаңтарда Абай ауданы, Кеңгірбай би ауылында дүниеге келген. 1998-2001 ж. аралығында Семейдің М.Төлебаев атындағы музыкалық училищеде актер мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын жаңадан құрылған «Дариға-ай» жастар театрынан бастады. Өнер қуған жас талант білімін жетілдіру мақсатында 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына актер мамандығына түсіп, 2006 жылы жоғары білімді маман болып шығады.

2012-2014ж. Мәскеуде ГИТИС те магистратурасын «Режиссер» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жұлдызбек Жұманбай еліміздің маңдайалды театрларында қызмет жасап, жоғары деңгейдегі қойылымдарды сахналады. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында актер және режиссер, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында көркемдік жетекші, Ә.Мәмбетов атындағы драма театрында бас режиссер қызметтерінде абыройлы іс атқарды. Облыстық театрлардың барлығында дерлік Жұлдызбектің сахналаған қойылымдары үлкен сұранысқа ие.

«Дариға-ай» жастар театрында да өзіндік қолтаңбасы бар. Жұлдызбек Жұманбай сахналаған «Шәмші», Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Тауасаров «Махаббат аралы», М.Әуезов «Жетім», г.Хугаев «Иттің баласы немесе адамның аласы», Т.Жаңғалиев «Қарқуар» қойылымдары театрын репертуарынан түспей келе жатқан жоғары деңгейдегі қойылымдар болып саналады. Қазіргі таңда Астана қаласында қызмет жасайды. Қазақстандағы үлкен сұранысқа ие болып отырған кәсіби режиссерлардың қатарында.