Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Kubash Dos Aizharikuly

Құбаш Дос Айжарықұлы

ҚҰБАШ ДОС АЙЖАРЫҚҰЛЫ

Құбаш Дос Айжарықұлы – заманауи қазақ театр режиссурасында өзіндік қолтаңбасы бар, шығармашылық ізденісі терең, кәсіби білімі мен сахналық тәжірибесі үйлескен маман. Ол режиссура саласында ұлттық рух пен заманауи театрлық ойлауды шебер ұштастыра отырып, көрермен талғамына сай көркем дүниелер ұсынумен ерекшеленеді.

Дос Айжарықұлы 1993 жылғы 9 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Жарбұлақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 2011 жылы аталған білім ордасын тәмамдады.

2011-2016 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінде «Режиссер» мамандығы бойынша білікті ұстаз Маман Байсеркеұлынан тәлім алып, кәсіби режиссураның теориялық және практикалық негіздерін меңгерді.

Еңбек жолын 2016 жылы Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында режиссер ретінде бастап, 2021 жылға дейін аталмыш театрда жемісті қызмет атқарды. Осы кезеңде ол репертуарлық саясатқа белсене араласып, әр жанрдағы көркемдік деңгейі жоғары қойылымдарды сахналады. Атап айтқанда:Ә.Нұрғайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Р.Отарбаевтың «Айна ғұмыр», А.Айларовтың «Бүлдірген біз бе?», С.Балғабаевтың «Красавчик», А.Маудановтың «Алтын адам», Ы.Алтынсариннің «Мақта қыз», Е.Төлеубайдың «Тектек теке», А.Маудановтың «Айлакер Аққала», Ж.Мольердің «Еріксіз үйлену», А.Маудановтың «Қызғалдақ фестивалі» және «Аялдама» спектакльдері режиссердің кәсіби шеберлігін айқындаған сәтті туындылар қатарын толықтырды.

2021-2024 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында көркемдік жетекші қызметін атқарып, театрдың шығармашылық бағытын жаңғыртуға елеулі үлес қосты. Осы театр сахнасында Р.Отарбаевтың «Көлеңке», Р.Кунидің «Номер 13» және Д.Құбаштың «Заманауи мақта қыз» спектакльдерін сахналады.

2024 жылдан бастап Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келеді. Бұл театр сахнасында А.Володиннің «Сүйе тұра қоштастым…», «Аққала және оның достары» ертегісі және Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар» спектакльдерін көрермен назарына ұсынды.

Дос Айжарықұлының шығармашылық еңбегі кәсіби ортада жоғары бағаланып келеді. 2020 жылы «Ұлттық ұлан үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы «Темірқазық» театр сыйлығының иегері атанып, сол жылы Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2022 жылы Р.Отарбаев атындағы театр фестивалінде «Көлеңке» спектаклі «Арнайы жүлдеге» ие болды.