Abdulganiev Shakur Galiuly
Абдулғаниев Шакур Ғалиұлы. 1926 - 1990
Суретші-график, кескіндемеші, өнертанушы. Семей қаласында туған. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркем училищесін бітіреді (1960), оқытушылары: А. Ғалымбаева, И. Квачко. 1960-1970-ші жылдары Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркем галереясында, Қазақ КСР мәдениет министрлігінің көркем көрмелер дирекциясында, Қазақстан суретшілер Одағының көркем қорында қор сақтаушы және көшпелі көрмелерді ұйымдастырушы қызметін атқарған. Бейнелеу өнері туралы мақалалар жариялаған. 1953 жылдан бастап қалалық, республикалық көрмелерге қатысушы, оның ішінде:«Комсомолға 40 жыл» республикалық көркем көрмесі, Алматы, 1961; Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркем галереясында өткен ІІ республикалық графика көрмесі, Алматы, 1963; Қазақстан, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда суретшілерінің туындыларының көшпелі көрмесі, 1965; Т.Г. Шевченко атындағы ҚМКГ-дағы Қазақстан суретшілерінің I республикалық акварель көрмесі, 1969; Т.Г. Шевченко атындағы ҚМКГ-дағы «Кеңестік Қазақстан» республикалық мерейтойлық көркем көрмесі, 1970; Т.Г. Шевченко атындағы ҚМКГ-да өткен «Ленин жолымен» республикалық көрмесі, 1970; Т.Г. Шевченко атындағы ҚМКГ-дағы I республикалық суреттер көрмесі, 1971; Жеңіс Күніне арналған Алматы суретшілері туындыларының көрмесі, 1975; «Пейзаж және натюрморт» республикалық көркем көрмесі, Алматы, 1976 және т.б. Дербес көрмелері:«Ала-Тау» кинотеатрындағы акварель мен суреттер көрмесі, Алматы, 1973; Республикалық Кино үйінде өткен акварель көрмесі, Алматы, 1977, 1980, 1983; 50-жылдыққа арналған көрме, Алматы, 1976; облыстық көрме залында өткен туындылар көрмесі, Семей, 1977 және т.б. Суретші қайтыс болғаннан кейін Алматы қаласында 6 көрмесі өткізілген. Қылқалам жұмыстары Қазақстан, Прибалтика, Ресей мұражайларында және жеке жинақтарында сақталуда.
2016 жылы қызы Светлана Визер әкесінің жүзден астам туындысын Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнер музейіне сый етті. 2019 жылы жалғыз қызы Светлана Визер өмірден өтті.