Selevin Viktor Alekseevich
Селевин Виктор Алексеевич (05.04.1905-04.11.1938) – ғалым-зоолог, өлкетанушы. Семей облысының Змеиногорск қаласында дүниеге келген.
Семей музейінде А. Н. Белослюдовтың жетекшілігімен қызмет атқарды. Кейін Томск университетіне оқуға түсіп, одан соң Ташкенттегі Орта Азия университетіне ауысып, сол оқу орнын тәмамдады және аспирантураға қабылданды. 1936 жылдың қысында Виктор Алексеевич Селевинге диссертация қорғаусыз-ақ биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. Ол С. М. Киров атындағы Қазақстан мемлекеттік университетінің зоология кафедрасына доцент болып сайланды.
1920 жылдардың ортасынан бастап Ертіс маңы Алтайының батыс бөлігінің жануарлар дүниесін зерттеді: Ертістің жоғары ағысын, Зайсан көлін және Қара Ертісті зерттеп, шегірткенің көбею ерекшеліктерін анықтады; Семей облысының оңтүстік аудандары мен Балқаш маңының шығыс бөлігінде өткен энтомологиялық экспедиция барысында материалдар жинады; Семей музейінің Батыс Алтайға жасаған экспедицияларына қатысты; Қазақтың ұсақ шоқысы мен Балқаш маңы шөлдерінде археологиялық және энтомологиялық зерттеулер жүргізді; Қазақ КСР Үкіметінің қолдауымен Қарағандыдан Қарқаралы таулары мен Балқаш көліне дейінгі кең аумақта зерттеу жұмыстарын атқарды; Бетпақдала шөліне ұйымдастырылған алғашқы кешенді экспедицияға қатысты; Ташкент және Алматы университеттері бірлесіп ұйымдастырған Сарыарқа қыраттарын зерттеу экспедициясына қатысты.
Бұл экспедициялардың нәтижелері қоғам назарын аударып, олар туралы белгілі журналистер Эль-Регистан, фототілші Зельма және басқалар жазды. 1937–1938 жылдардағы кейінгі экспедициялар Бетпақдаланың «ақтаңдақ» аймақтарын түгелге жуық зерттеуге мүмкіндік берді. Кинооператор Б. Пумпянский «Айтыс: Жеңілген шөл» (1939) атты деректі фильм түсірді. Экспедицияның ең басты ғылыми жетістігі – Қазақстанға ғана тән кеміргіштердің жаңа түрі мен тегінің табылуы болды. Бұл эндемик жануар ғалымның құрметіне Selevinia деген атаумен бекітілді.
В. А. Селевиннің 1938 жылы мезгілсіз қазасы шөлді аймақтарды одан әрі зерттеу ісін тоқтатты.