Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Sabyrbaev Kairat Zekenuly

Сабырбаев Қайрат Зекенұлы

Сабырбаев Қайрат Зекенұлы (28.02.1965) – ақын, журналист, өлкетанушы, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

Қайрат Зекенұлы 1965 жылы Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Ай ауылында дүниеге келген.

1990 жылы Павлодар қаласындағы Қызыләскер аграрлық техникумын бітіріп, еңбек жолын туған ауылында бастаған.

1997 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдап, шығармашылық және рухани ізденіске бет бұрды. Жастайынан өлең жазып, айтыстарға қатысқан Қайрат Зекенұлының поэзиялық еңбектері ұлттық рух пен туған өлке тақырыбына арналды. Оның «Нартолқын» (2006), «Аймағының абызы» (2009), «Көз талдырған көкжиек» (2014) атты жыр жинақтары жарық көріп, шығармалары «Жыр маржаны» қазақ поэзиясы антологиясына енді. 2017 жылы Қайрат Зекенұлы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ақын-жазушыларды қолдау бағдарламасына қатысып, осы бағдарлама аясында оның «Дүлдүлдер дүбірі» атты кітабы 5000 дана таралыммен жарық көрді.

1998 жылдан бастап журналистика саласында еңбек етіп, «Семей» телерадиокомпаниясында, «Семей таңы», «Ертіс өңірі» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 2009 жылы «Ертіс өңірі» газеті республикалық «Үздік басылым» номинациясының лауреаты атанды. Кейін Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында қызмет етті.

2017-2018 жылдары Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде жетекші ғылыми қызметкер болды. 2018 жылдан бері Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарып келеді. Оның жетекшілігімен өңірде бірнеше музей филиалдары ашылып, музей ісі заманауи бағытта дамыды. Қор цифрландырылып, мультимедиялық жүйелер енгізілді, көшпелі және тақырыптық көрмелер арқылы өлкенің тарихы кеңінен насихатталуда.

Қайрат Зекенұлының басшылығымен музейдің әлеуметтік желідегі жұмысы жандандырылып, Instagram мен Facebook платформаларында жүйелі ақпарат таратыла бастады. Соның нәтижесінде пандемия кезеңінде музейдің онлайн аудиториясы едәуір артып, Facebook желісіндегі жазылушылар саны 300-ден 13 мыңға дейін өсті, бұл музейдің танымалдығын халықаралық деңгейде кеңейтті.

2023 жылы Қайрат Зекенұлының басшылығымен Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің 140 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Осыған орай өңірлік және халықаралық ғалымдардың қатысуымен археология мен этнографияға арналған ғылыми конференция ұйымдастырылып, музей тарихы мен Семей өңірінің археологиялық-этнографиялық мұрасын қамтыған конференция жинағы жарық көрді. Қайрат Сабырбаевтың еңбегі – туған өлкенің тарихын түгендеу, ұлттық мұраны сақтау, мәдениет пен руханиятты дамытуға бағытталған. Ол – өлкетану ісін жаңа деңгейге көтеріп, музейді ғылыми-ағартушылық орталыққа айналдыруға үлес қосқан тұлға.

Қ.Сабырбаев - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған медальдың иегері, ақындар арасындағы республикалық және өңірлік айтыстардың жүлдегері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған (2023).