Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Mikhaelis Evgenii Petrovich

Михаэлис Евгений Петрович

Михаэлис Евгений Петрович (26.09.1841 – 02.12.1913) — ғалым, өлкетанушы, «Семипалатинские областные ведомости» газетінің бас редакторы, Абай Құнанбаевтың жақын досы.

Евгений Петрович Михаэлис 1841 жылы 26 қыркүйекте Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Революциялық ортада тәрбиеленген Е.П. Михаэлис әуелі гимназияда, одан кейін лицейде оқып, шәкірттердің маңдайалдысы болды. Аса зейінді, алғыр ойлы Михаэлис Санкт-Петербург университетіне түсіп, физика-математика факультетінің жаратылыстану бөлімінде білім алды. Ол студенттер арасында Н.Г. Чернышевский бастаған революциялық қозғалыстың белсенді өкілдерінің бірі болды.

Михаэлис революцияшыл студенттердің құпия ұйымын басқарып, студенттер арасында Чернышевский идеяларын қызу насихаттады, көптеген жастарды соңынан ертті. Тарихта белгілі Н.В. Шелгунов ол туралы: «Михаэлис тамаша жас, абзал азамат болып өсті. Оның ашық-жарқын жүзінен арыстандай айбат, қалың қайрат, жасымас жігер сезіліп тұратын», — деп жазады.

Олардың осындай саяси көзқарастары патша үкіметіне қарсы деп танылып, 200-ден астам студент тұтқындалып, жер аударылады. Солардың қатарында Е.П. Михаэлис те болып, ол Тобыл губерниясының Тарту қаласында алты жыл айдауда болады. Кейіннен Семей қаласына жер аударылып, қызмет етуге рұқсат алады.

Осы кезден бастап жалынды революционер-демократтың Семей қаласындағы өнегелі өмірі басталып, ұлы Абаймен таныстығы да жалғасады. Абай мен орыс зиялысы қоғамдық кітапханада кездесіп, пікір алмасып, сырласады. Семейде сондай-ақ Ресейден жер аударылып келген Петрашевский, Дуров сияқты көрнекті тұлғалар да болған.

Михаэлис Семейге келгеннен кейін ұлан-байтақ өлкенің табиғатын, байлығын зерттеуге, мәдени-ағарту ісін дамытуға белсене кіріседі. 1878 жылы Семей қаласында облыстық статистика комитетін құру жұмысын ұйымдастырады. Оның басшылығымен құрылған бұл комитет Семей өңірінің табиғатын, шаруашылығын, тарихы мен мәдениетін зерттеген тұңғыш ғылыми мекеме болды. Осы комитеттің алғашқы хатшысы Е.П. Михаэлистің өзі еді.

1883 жылы қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейін ұйымдастыруға да атсалысады. Бұл ғылыми әрі мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысына оның жақын досы Абай Құнанбаев та белсене қатысады. Терең білімді ғалым Михаэлистің ғылыми зерттеу еңбектері аса ауқымды болды. Ол Ертіс өзенінде пароход қатынасы мәселесін зерттеп, Семейден Зайсанға дейін барып, навигациялық карта жасады, қандай пароходтардың жүруі мүмкін екенін анықтап, олардың моделін өз қолымен құрастырды.

Е.П. Михаэлис өмірінің 44 жылын Семей мен Өскемен қалаларында өткізді. Соның 13 жылы, яғни 1869–1882 жылдары Семей қаласында өтті. Ол 1913 жылы 2 желтоқсанда 72 жасында Өскемен қаласында дүниеден өтті.