Zulkharov Gabit
Зұлхаров Ғабит (23 қазан 1937 – 24 қаңтар 2024) – қазақ журналистикасында қырық жылға жуық еңбек еткен көрнекті қаламгер, өлкетанушы, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің деректі мұрасын жүйелі түрде зерттеген зерттеуші.
Ол 1937 жылы Семей облысы Жарма ауданының «Қызыл жетек» ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаздықтан бастап, кейін Шар ауданындағы «За коммунистический труд», Жарма ауданындағы «За изобилие» газеттерінде, Семей облыстық радиосында, Аягөз аудандық «Алға» («Вперед») газетінде қызмет атқарды. Редакция жұмысы арқылы жас журналистерді тәрбиелеп, журналистік мектеп қалыптастырды.
Ғабит Зұлхаровтың шығармашылық болмысы тарихи дерекке сүйенген терең ізденіспен ерекшеленеді. Ол Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының экрандалуына себепкер болған мақалаларымен танылды. Ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты Мұхтар Әуезовтің деректі очерктерін зерделеуге арналды. Жазушының жолсапар очерктерінің жазылу тарихын мұрағат деректері арқылы нақтылап, қазақ, орыс, ұйғыр, неміс және корей тілдерінде 200-ден астам ғылыми-танымдық мақала жариялады.
Әуезовтің 1943 жылы Аягөз қаласында болған сапарын нақты деректермен дәлелдеп, 2015 жылы ұлы жазушы аялдаған үйге ескерткіш тақта орнатылуына бастамашы болды. Осы зерттеулердің нәтижесінде 2017 жылы «Әуезов және Аягөз» атты еңбегі жарық көрді.
Ғабит Зұлхаров аударма саласында да елеулі еңбек сіңірді. Ол поляк ғалымы Адольф Янушкевичтің тарихи маңызы зор «Күнделіктер мен хаттар» еңбегін қазақ тіліне аударып, бұл жұмыс дербес аударма ретінде танылып, авторлық құқығы ресми түрде тіркелді. Қаламгердің ұсынысымен Астана, Семей және Аягөз қалаларында Янушкевич есімі көшелерге берілді.
Ғабит Зұлхаровтың еңбектері ұлттық руханият пен тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған. Ол тарихты журналистика тілімен сөйлеткен, дерек пен танымды ұштастырған қаламгер ретінде қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар тұлға саналады.