Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Zhukov Pavel Nikolaevich

Жуков Павел Николаевич

Жуков Павел Николаевич (16.11.1948) – өлкетанушы, педагог.

Павел Николаевич Семей облысы Жарма ауданының Георгиевка ауылында дүниеге келген. Туғанына 10 күн өткен соң отбасы Семей қаласына көшіп келеді. Мұнда анасы училищесінде математика пәнінен сабақ береді, ал әкесі Үшінші бесжылдық атындағы артельге қаңылтыр шебері болып жұмысқа орналасады.

1966 жылы мектепті аяқтап, университеттің тарих факультетіне түсіп, археолог болуды армандаған. Алайда отбасылық кеңесте педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түсу қажет деген шешім қабылданады. Студенттік жылдар өте қызықты өтті: топтар арасындағы байқаулар, семсерлесу үйірмесі, «Талғар» альпинистік лагері. Университетті бітіргеннен кейін жолдамамен Глуховка ауылына жіберілді, одан соң әскер қатарына шақырылып, елдің әуе шабуылына қарсы қорғанысының радиотехникалық әскерлерінде қызмет етті. 1971 жылдың желтоқсанында елге оралды. №36 мектепке жолданды. Дәл осы жерде әкесінен дарыған қызығушылық – фотография, кейінірек кинотүсірілім өз пайдасын тигізді. Павел Николаевич фотосурет үйірмесін жүргізіп, оқушылармен бірге электр гитараларын жасады.

1975 жылдың қараша айында Павел Жуков Семей жеңіл өнеркәсіп техникумына жұмысқа қабылданып, алдымен физикадан, кейін электротехника мен информатикадан сабақ берді. Техникумда да фотосурет үйірмесін ұйымдастырып, студенттерді жорықтарға алып шығатын. Ата-анасы Павелге сіңірген туған өлкеға деген сүйіспеншілік туған жеріміз туралы «қағазға қарап емес», жүрекпен айтып жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл оның өлкетануға алғаш бет бұруы еді. Әрбір туристік жорық туған жерді білудің қаншалықты маңызды екенін және оны әлі де аз білетінімізді дәлелдей түсетін.

Өз жерін, оның тарихын, халқын сүйетін адамдарды біріктіретін ұйым құру қажеттігі пісіп-жетілді. 2004 жылғы 10 ақпанда Байланыс музейінің ғимаратында бес пікірлес жиналды: Байланыс музейінің негізін қалаушы Владимир Иванович Лушников, Евгений Алексеевич Титаев, Фёдор Владимирович Занарин, Михаил Михайлович Дегтярёв және Павел Николаевич. Олар қала өлкетанушыларын біріктірудің қажеттігін талқылады. Тағы бір жыл өткен соң, 2005 жылғы 19 ақпанда Ф.М. Достоевский музейінің залында «Прииртышье» деп аталған өлкетану қоғамының құрылтай жиналысы өтті. Осы жиналыста Павел Жуков қоғам төрағасы болып сайланды. Алайда қоғамдық бірлестіктің ресми тіркелуіне тағы бір жыл қажет болды, ол 2006 жылғы 10 мамырда жүзеге асты.

Қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдерімен «дөңгелек үстелдер», өлкетанулық Белослюдов оқулары өткізілді. Павел Николаевичтің материалдары «Простор» журналында жарияланды. Ал 2012 жылы жазылған еңбектерінің барлығы «Сближения» атты кітапқа біріктірілді.

2011 жылдың қараша айында зейнеткерлікке шықты. Сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндігі артты, алайда денсаулық жағдайына байланысты Павел Жуков қоғам төрағасы қызметінен кеткенімен, өлкетанумен айналысуды тоқтатпады.

Қоғам «жедел көрмелер», өлкетанулық қонақ бөлмелерін өткізе бастады. «Записки Семипалатинского подотдела ИРГО» үлгісімен «Записки Прииртышья» да шығарыла бастады. Қоғам қызметінің тағы бір аса маңызды бағыты – қаламыздың тарихи мұрасын сақтау.