Beloslyudov Nikolai Nikolaevich
Белослюдов Николай Николаевич (01.12.1880-1943) - өлкетанушы, топограф. 1895 жылы Семейдегі 5 кластық училищені, одан Омбы техникалық училищесіне түсіп, оны 1889 жылы бітіреді. 1906 жылдан 1916 жылға дейін жер бөлімі мекемесінің басқармасында топографиялық қызметте болды. Ол бүкіл Сібірді аралап, тарихи-этнографиялық мәні бар зерттеу жұмыстарын жүргізген. Г. Н. Потанинмен жақын танысып, оның кеңесімен археологиялық, этнографиялық коллекциялар жинаған, бұл іске өз бауырлары Виктор, Алексейлерді де тартқан. Сөйтіп, өздері жинаған экспонаттардан музей ашқан. Белослюдов Семейдегі мұғалімдер семинариясы мен мектептерде сурет, сызу пәндерінен сабақ бере жүріп, қазақ халқының мәдени-рухани байлығын зерттеп, оған ерекше мән бере қарады. Семейдегі орыс география қоғамының тапсыруымен археологиялық, этнографиялық мәні зор экспонаттар, қазақтың ауыз әдебиеті, халық әндері үлгілерін жинап, зерттеді. Семейде қазақ мұғалімдерінің қысқа курстарын ұйымдастырып, өнер мен әдебиет, Абай туралы лекциялар оқыды. Абай өлеңдерін орысшаға аударып, оны орыс халқына таныстыруды армандады. Николай Белослюдов 1911 жылы 28 қаңтарда Томскіден Викторға жолдаған хатында: «Г. Н. Потанинмен кездесіп, үйінде әңгімелестім, оған ақын Құнанбаев туралы айттым, ол білмейді екен. Маған Потанин: «Коншинге жазыңдар, ол Абайдың ең таңдаулы өлендерін іріктеп алып, «Сибирская жизньге» бастырып, көпшілік қауымға таныстырсын дейді», - деп жазады. Сол жылғы жазған енді бір хатында: «Витя, сен туралы Потанин газетке жазды. Танысқан боларсың, қандай жақсы. Ол тағы да қазақ әңгімелерін жинап, жазуға жүріп кетті, Томскіден кетерде редактор Наурызовпен Абай Құнанбаевтың өлендерін қара сөзбен аудару туралы сөйлесудің реті келмеді, оған хат арқылы айтамын», - деп жазады. Ол М. О. Әуезов, Ж. Шанин, Қ. Сәтбаев, X. Ғаббасов, Ә. Ермеков, Н. Құлжановалармен пікірлес, дос болған. Бұлар арқылы Абай Құнанбаевты біліп, оның озық ойлы мұраларын орыс тіліне аударып, орыс халқына таныстыруды мұрат тұтқан. Абай елеңдері мен музыкалық мұрасын Г. Н. Потанинге таныстырып, оның пікірін хатқа түсіруде Белослюдовдың сіңірген еңбегі зор.