Beloslyudov Viktor Nikolaevich
Белослюдов Виктор Николаевич (13.02.1883-23.03.1916) – суретші, өлкетанушы, этнограф.
Ол Семей қаласында дүниеге келген. Ерте жасында әкесінен айырылып, төрт ағайындының барлығын анасы Варвара Васильевна тәрбиелеп өсірді. Ол өз өмірін түгелдей ұлдарына арнап, барлығына сапалы білім беруге күш салды.
1891 жылдың күзінде Виктор Белослюдов бес сыныптық қалалық училищеге қабылданып, онда өте жақсы оқыды. Жастайынан сурет салуға ерекше қызығушылық танытты. Көбіне ол сағаттап альбомын алып, Ертіс өзенінің жағасында – қамыс басқан қойнауларда, тал мен терек өскен тоғайларда сурет салатын. Оның өзіндік мәнері ерте байқалып, балалық шағындағы туындылары Париж көрмесіне жіберілді, кейін Бүкілресейлік және Қазан вернисаждарында да көрсетілді. Семей ерлер гимназиясының мұғалімдері Викторға көркемсурет училищесіне түсуге кеңес берді. Отбасының келісімін алып, 1899 жылы Виктор Белослюдов Мәскеудегі Строганов көркемсурет училищесіне оқуға түсті.
1906 жылы Строганов училищесін бітірген соң Виктор Белослюдов Семейге оралып, қарапайым халық балаларына арналған бастауыш мектепте мұғалім болды. Ол сурет, сызу, көркем жазу, графика пәндерінен сабақ берді. Оның кейбір шәкірттерінің жұмыстары Омбы қаласында өткен алғашқы Батыс Сібір көрмесіне қойылды. Виктор Николаевич оқушыларымен бірге Рудный Алтайға сапар жасап, Алтай тауларының асқақ сұлулығын өз полотноларына түсіруге тырысты.
В. Н. Белослюдов Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің және облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына белсене қатысты. 1914 жылы Семей қаласының қысқаша тарихи очеркін жазып, ол қолжазба бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы.
Омбы, Иркутск, Томск қалаларында өткен сібір суретшілерінің көрмелеріне қатысып, оның картиналары көпшіліктің назарын аударды.
Ол «Семей», «Киіз үй», «Қазақ қызы», «Түйе», «Қымыз ұстаған қазақтар», «Шаруа диірмені» атты картиналардың, сондай-ақ «Томск», «Ескі Семей», «Су тасушы», «Шай үстінде», «Жылқы табыны», «Қалалық көше» секілді этюдтердің және қазақ ертегілері мен халық эпосына арналған көптеген суреттер сериясының авторы.
1916 жылғы 23 наурызда Барнаулда қайтыс болып, 28 наурызда Семей қаласында жерленді.