Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Daulet Seisenuly

Дәулет Сейсенұлы

Сейсенұлы Дәулет

Жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Елбасының «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері, «Алаш» силығының лауреаты, Семей қаласы мен Абай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисті, Семейдің Шәкәрім университетінің Құрметті профессоры.

Дәулет Сейсенұлы 1949 жылы 28 ақпанда Семей облысының Абай ауданы Саржал ауылында туған. 1971 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Облыстық «Семей таңы» газетінде, облыстық партия комитетінде қызмет атқарған. 1983 жылдан бері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңірі бойынша тілшісі. Осы жылдарда «Ақиқат» журналында, еларалық «Заман Қазақстан», облыстық әкімшілікте қызмет істеген. Жиырма жылдан астам республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңірі бойынша тілшісі ретінде жемісті қызмет атқарды.

Ол «Жұлдыздар сөнбейді» атты әңгімелер жинағының, «Қазақтың саны қанша», «Семей елі, Семей жері», «Шежірелі Шыңғыстау» атты деректі кітаптардың авторы. 2007 жылы қаламгер Дәулет Сейсенұлының ғұлама ақын Шәкәрімнің туғанына 150 жыл толуына орай «Нартұлға» сериясымен жарық көрген әдеби көркем тілді «Шәкәрім» атты ғұмырбаяндық кітабы жарыққа шықты. «Шежірелі Шыңғыстау» атты толғау жинағында Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалар туған өңірдің кешегі, бергі тарихы туралы соңғы жылдары жазылған әңгіме, толғау, очерктері таныстырылған. «Ядролық сынақ аймағы» кітабында Абыралы, Қайнар өңірінің шерлі тарихы мен Семей атом полигоны жабылғаннан бергі жиырма жыл уақыт ішіндегі оңды істері баяндалған. «Ядролық сынақ аймағы» деректі кітабы Елбасының алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен атап өтілді.

Соңғы жылдары қаламгердің «Шыңғыстаудың дара да даңқты перзенттері» атты кітабы, «Жәнібек ән салады...», «Вальс каролі» драмалық шығармалары басылып шықты. Пьесаларында басынан сан қилы тағдырды өткерген атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев пен «вальс каролі» атанған белгілі композитор Бекен Жамақаев туралы драма тілімен баяндайды. Бүгінде оның ел мен жер, ұлылар, полигон тақырыбына арналған мақалалары мерзімдік баспасөз беттерінде жиі жариялануда. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, осындағы деректі проза секциясының мүшесі ретінде одақ жұмысына белсенді түрде қатысып келеді.

Ұлыларды ұлықтаған осы және басқа еңбектерімен ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атанып, Абай және Әуезов медалдерімен марапатталды. Деректі кітаптары екі рет Қазақстан Журналистер одағы, үш рет облыс әкімі сыйлығымен марапатталды. Семей қаласы мен Абай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі болып табылады. 2003 жылы журналистика саласы бойынша облыс әкімі сыйлығының лауреаты атанды. 2023 жылы Дәулет Сейсенұлына Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған Әдеби жыл қортындысы аясында «Ер қазақ» атты деректі кітабы үшін Халықаралық «Алаш» сыйлығы табысталды. 2024 жылы Абай облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында «Тұғыры биік тұлғалар» атты көркем очерк, танымдық сипаттағы әдеби миниатюралар мен драмалық шығармалары жарық көрді.