Medeu Sarseke
Сәрсеке Медеу
(1936-2024)
Жазушы Медеу Сәрсеке 1936 жылы 2 қаңтарда Абыралы ауданының Қайнар кеңшарында туған. Орта мектепті 1953 жылы бітіріп, Қазақтың Политехникалық инстиутына түсіп, білім алып шыққан соң журналистикаға келеді. «Лениншіл жас» газетінде жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі болып қызметін бастайды.
Кейіннен Семейге келіп, зауытқа инженер болып қызмет етеді. Өндіріс пен жазушылықты қатар алып жүреді. Әрине, басты қызметі әдебиет болды. «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» мен «Жетінші толқын» ғылыми фантастикалық туындыларын жарыққа шығарды. Өзі ортасында жүрген өндірістің қилы-қилы сырларын, онда еңбек ететін адамдар туралы күрделі шығармалар жазады.
Ол алтын, күміс ақтарған, мырыш тасқындатқан кенді Алтайдың тіршілік-тынысын, өмір ағысын суреттейтін «Жаңғырық» романын жазады. Кейіннен жалғасы ретінде «Көмбе» романын жазады.
1988 жылдан бері жазушының «Сәтбаев», «Қазақтың Қанышы», «Қаныш елі» (орысшасы «Родина Сатпаева»), «Планета Сатпаева», «Дара дарын», «Фенемон», «Құлыпталған ғұмырнама», «Через тернии к Сатпаеву» деген атаулармен жарияланған, қазақ тілінде және орысша, екінші рет Мәскеуден, «ЖЗЛ» топтамасынан 2003 жылы қайыра басылуы, 2006 және 2015 жж. шыққан шығармалар жинағына енуін қосқанда М. Сәрсекенің ғұмырнамасы 15 рет жарияланып, жалпы таралымы 340 мың дана болыпты.
М. Сәрсекенің 2005-2015 жылдар аралығында жарық көрген екі ғұмырнамасы – «Біртуар Бөкетов» пен «Ноқталанған тарихшы» («Бекмаханов») кітаптарының әрбірі қазақ және орыс тілдерінде 6 реттен қайыра басылды.
Жазушы тағы да бір есімді оқырмандарына танытып отыр. Ол «Ғибратты ғұмыр» сериясымен «Ебіней Бекетов» атты күрделі еңбек еді. Мұнда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, біртуар ғалым Ебіней Арыстанұлы Бекетовтің қиын да, қилы тағдыры, ғұмыр тарихы туралы сыр шертеді.
Медеу Сапаұлы өзінің сексен жылдық мерейтойын қарсаныңда «Семей қасіреті» атты 900 бетке таяу қалың кітабын жарыққа шығарды.
М. Сәрсеке драма жанрымен де шұғылданған. Оның ұшқыр қаламынан 1968 ж. беріде 7 драма туған. Ал арнайы тапсырыспен жазылған «Уақыт төрелігі» драмасы телеспектакль түрінде Қазақ телестудиясынан 1989 ж. Қ. И. Сәтбаевтың туғанына 90 жылдық мерейтойы қарсаңында экраннан бірнеше мәрте көрсетілді. Жазушының бұл жанрдағы көпшілікке танымал шығармалары – «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс», «Заңды неке» және «Тендерге түскен әйел» драмалары. «Заңды неке» комедиясы Семей театрында 1983-2006 жж. аралығында 600 рет қойылған. Сол оқиға турасында «Егемен Қазақстан» газеті кезінде «Нашар спектакль 600 рет қойылмайды» деген тақырыппен рецензия жариялаған.
2018-2019 жылы Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 - жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай әлемі» жобасын қолға алған болатын, Сол жобаның редакциялық кеңесін басқарады. 2021 жазушы өзінің «Сексен бестің төрінен еңбегін «Фолиант»баспасынана жарыққа шығарды. 2018 жылы ШҚО әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай әлемі» кітапханасы жобасы аясында «Взрыв», «Клад» романдары, 2025 жылы Абай облысының қолдауымен жүзеге асырылғын «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында ғылыми-фантастикалық хикаяттары мен әңгімелері жарық көрді.
"Құрмет" орденімен (2001), "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Халықаралық Ақпарат академиясының академигі, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің құрметті профессоры, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Семей қаласы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.
Медеу Сапаұлы 2024 жылдын 21 наурызында дүниеден өтті.